Астанада LRT желісі іске қосылғаннан кейін қаланың бір шетінен екінші шетіне жету уақыты айтарлықтай қысқармақ. CTS компаниясының хабарлауынша, әуежайдан «Нұрлы жол» вокзалына дейінгі қашықтықты жолаушылар шамамен 40 минутта басып өте алады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жобаның негізгі техникалық көрсеткіштері:
Пойыздардың орташа жылдамдығы сағатына 40-50 шақырымды құрайды.
Қарбалас уақытта пойыздардың келу жиілігі 5-10 минут аралығында болады.
Желі бойында 18 станция жұмыс істейді. Әр станция арасындағы жол жүру уақыты 1,5-3 минутты алады.
Мәселен, қазіргі уақытта кептеліс кезінде жету қиын болатын Назарбаев Университетінен «Сығанақ» станциясына дейін небәрі 12 минутта жету мүмкіндігі туады. Бұл әсіресе Есіл және Нұра аудандарының тұрғындары үшін жол кептелісі мәселесін жеңілдетпек.
Жолаушыларға жасалатын жағдайлар
Жаңа жүйе заманауи технологиялармен жабдықталады. Жолаушылар пойыздардың қозғалысын онлайн карта арқылы бақылап, төлемді электронды билеттеу жүйесімен жасай алады. Барлық станцияда билет автоматтары, күту залдары мен санитарлық тораптар болады. Сонымен қатар инклюзивті ортаны қалыптастыру мақсатында эскалаторлар мен лифттер қарастырылған.
Қазіргі таңда жол жүру тарифтері қарастырылып жатыр.