Қысқы инклюзивті ойындарға 150-ге жуық бала қатысты
Қазақстандық лоукостер FlyArystan қостанайлық ерекше қажеттіліктері бар балаларға «Жұлдызай» Ұлттық инклюзивті ойындарына қатысу үшін әуе билеттерін ұсынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Айта кетейік, 26-27 ақпан күндері Астана қаласында өткен қысқы инклюзивті ойындар еліміздің түкпір-түкпірінен келген 150-ге жуық балалар мен жасөспірімдерді басын қосты.
«Ерекше қажеттіліктері бар балалардың спорттық дамуына бағытталған бастамаларды қолдау – инклюзивті қоғам қалыптастыруға қосылған үлес. Біз үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін және балалардың өз әлеуетін ашуына көмектесетін жобаларды қолдау маңызды», – дейді «FlyArystan» АҚ президенті Ричард Леджер.
Ойындарды «BI Жұлдызай» корпоративтік қайырымдылық қоры ұйымдастырды. Қор 20 жылдан бері елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау бағытында әлеуметтік жобаларды іске асырып келеді.
«Жұлдызай» Ұлттық инклюзивті ойындары – ерекше спортшыларымыздың өміріндегі маңызды әрі жарқын оқиғалардың бірі. Балаларымыз үшін мұндай сапарлар жай ғана жарыс емес, сенімділікке, әлеуметтенуге және жаңа мүмкіндіктерге бастар маңызды қадам. Қысқы инклюзивті ойындарға балаларымыздың қатысуын қолдағаны үшін FlyArystan компаниясына шынайы алғысымызды білдіреміз», – дейді «Жұлдызай» жобасының жетекшісі Алмагүл Салимбаева.
10-16 жас аралығындағы қатысушылар шаңғы жарысы, конькимен жүгіру спорты және парахоккей бойынша сынға түсті. Көпшілігі үшін бұл туған қаласынан алғаш сапарлау және ұлттық деңгейдегі спорттық іс-шараға алғаш қатысу тәжірибесі болды.
Инклюзивті жобаларды қолдау – әуекомпанияның әлеуметтік саясатының бір бөлігі. Бұл бастамалар ел бойынша балалар мен жасөспірімдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Еске сала кетсек, FlyArystan – Air Astana тобының 100% еншілес компаниясы болып табылатын қазақстандық лоукостер. Ол өз қызметін 2019 жылдың мамыр айында бастады. Әуекомпания Алматы, Астана және Ақтау қалаларында орналасқан базаларындағы заманауи A320 ұшақтарынан құралған әуе паркімен кең ауқымды маршруттар желісі бойынша рейстер орындайды. FlyArystan маршруттар желісі ішкі және халықаралық рейстерді, сондай-ақ чартерлік бағыттарды қамтиды. FlyArystan 2023, 2024 және 2025 жылдары үш рет Skytrax World Airline Awards тарапынан Орталық Азия және ТМД-ның ең үздік бюджеттік әуекомпаниясы деп танылды.
«BI-Жұлдызай» корпоративтік қайырымдылық қоры 2004 жылы BI Group холдингі тарапынан құрылған. Қор 20 жылдан бері инклюзивті қоғамды дамытуға және Қазақстан бойынша балалар үшін тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған бастамаларды жүзеге асырып келеді. Қор ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетіп, олардың әлеуетін ашуына, дамуына және қоғамға бейімделуіне жәрдемдеседі. Қазіргі таңда қор еліміздің түрлі өңірлерінде 1000-нан астам балаларға қолдау көрсетеді.