Астанада LRT көктемде іске қосылуы мүмкін – әкім

Qaz365.kz редакциясы
CTS

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT желісінің жұмысы алдағы айларда, яғни көктемде басталуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қала басшысы Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярмен бірге LRT депосына барып, бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмысқа дайындығымен танысқан. Оның айтуынша, бұл орталық көлік жүйесін басқарудың негізгі буынына айналады.

– Орталық пойыз қозғалысын басқару, зияткерлік көлік жүйесіндегі бағдаршамдарды үйлестіру, қоғамдық көлікті диспетчерлік сүйемелдеу, велосипедтерді жалға беру жүйесін бақылау, сондай-ақ көлік деректерін өңдеу және талдау функцияларын орындайды, – деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ делегация «Әуежай», «Бәйтерек», «Дом министрліктер» және «Музей» станцияларында болды.

Әкімнің айтуынша, қазір бүкіл желі бойында тестілік пайдалану жүріп жатыр. Инфрақұрылым мен қауіпсіздік жүйелері тексеріліп, персонал дайындалып, төтенше жағдайлар кезіндегі әрекеттер пысықталуда. LRT пойыздары пилотсыз режимде қатынайды.

Жолаушылар тасымалын бастау мерзімі барлық сынақ кезеңдері аяқталып, жүйенің техникалық талаптарға сәйкестігі расталғаннан кейін нақтыланады. Қала басшысы LRT-тің іске қосылуы көктемге жоспарланып отырғанын атап өтті.