160 қыз көз жұмды: Жұлдыз Сүлейменова Ирандағы қаза тапқан оқушылардың жақындарына көңіл айтты

Qaz365.kz редакциясы

28 ақпан күні Израиль мен АҚШ Иранға соққы жасады

Иранда болған қайғылы жағдай бүкіл әлемді алаңдатты. Алдын ала мәлімет бойынша, 160 мектеп оқушы қыз қаза тапқан. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова көңіл айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жұлдыз Сүлейменова бейбіт күнде білім алып, мектепке барып, болашаққа қадам басуы тиіс болған оқушылардың қазасына қабырғасы қайысқанын айтты.

«Иранда орын алған қайғылы оқиға – 160 мектеп оқушы қыздардың қаза табуы туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Бейбіт күнде білім алып, болашаққа қадам басуы тиіс балалардың өмірінің үзілуі – барша адамзат үшін орны толмас қасірет», — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Жұлдыз Сүлейменова мемлекет басшысының халықаралық мәселелерді әрдайым бейбіт, дипломатиялық жолмен шешу жайлы ұстанымын толық қолдайтынын атап өтті.

«Бала тәрбиесімен айналысатын адам ретінде балалар ешқашан қандай да бір қақтығыстың, жанжалдың немесе саяси текетірестің құрбаны болмауы тиіс деп санаймын. Олардың қауіпсіздігі мен амандығы – халықаралық қауымдастық үшін де, әр мемлекет үшін де ең басты құндылықтардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықаралық мәселелерді әрдайым бейбіт, дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін үнемі айтып келеді. Бұл – адам өмірін, әсіресе балалардың болашағын қорғауға бағытталған салмақты әрі дәйекті ұстаным. Мен бұл көзқарасты толық қолдаймын. Қаза болған ирандық балалардың ата-аналары мен жақындарына көңіл айтамын», — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің айтуынша, қандай жағдай болмасын, балалардың өмірі мен қауіпсіздігі бәрінен биік тұруы керек. Қай елде болса да, бейкүнә балалардың тағдыры саясаттың немесе қарулы қақтығыстың құрбанына айналмауға тиіс. 

Айта кетейік, 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иранға соққы жасады. 1 наурыз күні Иран мемлекеттік ақпарат құралдары Иранның жоғарғы басшысы Али Хаменеидің өлімі туралы ақпаратты растады. Ормуз бұғазы жайлы және саяси ахуалдың Қазақстанға әсері жайлы материалымыздан оқыңыз. Сонымен қатар Иранның соққысынан зардап шеккен The Palm резиденциясынан қазақстандықтар жайлы мына жерден оқыңыз.