Енді сарбаздардың психологиялық жай-күйін компьютер тексереді

Qaz365.kz редакциясы
informburo.kz

Қазақстанның Ұлттық ұланында жас сарбаздардың психологиялық дайындығы мен ішкі жай-күйін анықтаудың жаңа әдісі қолданыла бастады. Енді жаңадан келген әскери қызметшілердің мінез-құлқы электронды тестілеу арқылы сарапталады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жаңа жүйе бойынша әрбір сарбаз қызметінің алғашқы үш күнінде арнайы компьютерлік тексерістен өтеді. Ол үшін 12 жұмыс орны жабдықталып, интернет желісіне қосылған. Бағдарламаның мүмкіндігі жоғары: күніне 100-ге жуық адамды қабылдап, олардың психологиялық портретін жасап шығарады.

Бұл технологияның басты артықшылығы – мамандардың жұмысын жеңілдетуінде. Электронды жүйе әскери психологтардың алты ай ішіндегі 500-ден астам жұмыс сағатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Босаған уақытты мамандар қағазбастылыққа емес, сарбаздармен бетпе-бет сөйлесіп, жеке кеңес беруге жұмсамақ.

Қазіргі уақытта пилоттық жоба Астана қаласында сынақтан өтіп жатыр. Егер жаңа әдіс тиімділігін дәлелдесе, бұл жүйе еліміздің барлық әскери бөлімдерінде қолданысқа енгізіледі.