«Пайғамбар олардың үйін өртегісі келді»: Дінтанушы исламтанушыға ескерту жасады

Qaz365.kz редакциясы

Құранның 2-сүре 256-аятында: «Дінде зорлық жоқ» деп айтылған

Ашық дереккөздерден

Өзін әлеуметтік желіде исламтанушы, дінтанушы деп көрсеткен Айгерім Қалқаева есімді әйел: «Пайғамбар намаз оқуға келмегендердің үйін өртегісі келген» деп жазба жариялады. Бұл жазбаға қатысты белгілі дінтанушы Әл-Фараби Болатжан ислам дінінде ешқандай ешқандай зорлықтың жоқ екенін айтып, діни алауыздық қоздыру туралы ескерту жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz. 

Әл-Фараби Болатжан жалпы теолог, дінтанушы, әріптестерін контент жарияламас бұрын онда діни алауыздықтың бар-жоғын қарап алуға шақырды.

«Теолог, исламтанушы және дінтанушы әріптестерімді контент жарияламас бұрын онда діни алауыздық қоздыру белгілерінің бар-жоғы туралы ойлануға шақырамын. Діни білім беру жүйесінде жұмыс істейтін, дипломды теолог тарапынан халықтың белгілі бір топтарына қатысты олардың діни тәжірибесіне байланысты (тиісті түсіндірмесі жоқ жағдайда) зорлық-зомбылық қолдануды нормализациялайтын контент жарияланғанды көру қынжылтады. Бұндай жарияланымдар әсіресе қасиетті Рамазан айында осындай ушығып тұрған геосаяси ахуалда аса қауіпті деп санаймын. Әріптестерімнен осыған назар аударуды сұраймын. Құранның 2-сүре 256-аятында: «Дінде зорлық жоқ» деп айтылғанын еске саламын», – деді дінтанушы Әл-Фараби Болатжан.

Айта кету керек, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде және Youtube-та өзін дінтанушы ретінде таныстырып, уағыз айтып, Құранның сүрелерін тәпсірлейтін контенттер көбейген. 2018 жылы заңсыз миссионерлік қызметі үшін Қарағанды қаласының ауданаралық мамандандырылған соты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 490-бабы 3-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылған Дарын Мүбаровтың да парақшалары бар.