Еңбек нарығындағы жастар: жаңа көзқарас, жаңа бағыт

Qaz365.kz редакциясы
freepik

Диплом алған жастар үшін ең өзекті мәселенің бірі – жұмысқа орналасу. Дегенмен бүгінде жұмыс іздеп сенделіп жүрген жастардың саны бұрынғыдай көп емес. Себебі жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде соңғы жылдары NEET санатындағы, яғни оқымайтын, жұмыс істемейтін жастардың үлесі өткен жылмен салыстырғанда біршама төмендеген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қазақстанның еңбек нарығында соңғы уақытта оң динамика байқалуда. Былтырғы Халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеу деректеріне сүйенсек, еліміз экономикасының түрлі салаларында 9,3 млн адам жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіштің ішкі құрылымына үңілсек, 7,2 млн адам (жалпы санның 77%-ы) жалдамалы жұмыс істесе, 2,1 млн адам (23%-ы) өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар, 2024 жылғы IV тоқсанмен салыстырғанда жалпы жұмыспен қамтылғандар саны 81,9 мың адамға өскен, бұл негізінен жалдамалы қызметкерлер санының 94,3 мыңға артуымен байланысты. 

Салалық бөлініс бойынша жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі сауда (17%), білім беру (13,2%), өнеркәсіп (12,5%) және ауыл шаруашылығы (10,3%) салаларына тиесілі. Жұмыс уақытының ұзақтығына келер болсақ, негізгі жұмыста бір адам аптасына орта есеппен 40 сағат нақты жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш жалдамалы қызметкерлер үшін 41 сағатты, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін 36 сағатты құрап отыр. 

Дегенмен, жалпы көрсеткіштердің өсуіне қарамастан, NEET санатындағы жастар мәселесі әлі де өзекті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл санаттағы жастардың ең көп саны Алматы мен Астана сияқты ірі мегаполистерде шоғырланған. Ал NEET үлесінің ең аз көрсеткіші Ұлытау облысында байқалады, бұл аймақтағы жастар санының салыстырмалы түрде аздығымен түсіндіріледі. 

Әлеуметтанушы Әсел Қайдарованың пікірінше, жастардың жұмыссыз жүруі олар тұратын аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей байланысты.  

– Жастар арасында осы тақырыпқа байланысты жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесі қызықты деректерді көрсетті. Сауалнамаға қатысқан жастардың 37,9 пайызы ең алдымен жоғары табыс табуды мақсат ететінін айтқан. Яғни қазіргі жастар үшін басты құндылықтың бірі – қаржылық тұрақтылық. Ал зерттеу нәтижесіне сүйенсек, қатысушылардың тек 14,7 пайызы ғана жұмыс таңдауда мансаптық өсу мүмкіндігін негізгі фактор ретінде қарастырады. Сонымен қатар жастардың басым бөлігі үшін жұмыс таңдауда алған мамандығының сәйкес келуі шешуші рөл атқармайды. Олардың таңдауы көбіне өздері тұратын ірі қалалардың халық санына, әлеуметтік және экономикалық жағдайына байланысты қалыптасады, – деді Ә. Қайдарова. 

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Темірлан Төлеу NEET санатындағы жастар санының азаюын оң динамика деп бағалай отырып, бұл мәселенің толық жойылмауына әсер ететін бірнеше факторды атап өтті. Біріншіден, білім беру жүйесі мен еңбек нарығының арасындағы сәйкессіздік бар: университеттер дайындайтын мамандар нарықтың нақты сұранысына әрдайым сай келе бермейді. Екіншіден, жұмыс берушілердің жас мамандардан тәжірибе талап етуі жұмыс іздеу кезеңін ұзартып жібереді. Үшіншіден, жастардың өздері де бірден жоғары жалақысы бар қолайлы мүмкіндікті күтіп, алғашқы ұсыныстардан бас тартуы мүмкін. 

– Жұмыссыз жүрген жастар санының көбеюін олардың жұмысқа құлықсыздығымен түсіндіру дұрыс емес. Көбіне бұл еңбек нарығының құрылымдық ерекшеліктерімен байланысты. Жастар мамандықты еңбек нарығына қарап таңдаған да қиындау, себебі еңбек нарығы ұдайы өзгерісте. Алайда мәселені тек осы факторға тіреп қою дұрыс емес. Көп жағдайда «Жастар практикасы» сияқты бағдарламалар жас мамандарға алғашқы еңбек тәжірибесін жинауға мүмкіндік беретін өтпелі кезең ретінде жұмыс істейді. Яғни бұл бағдарламалар бір жағынан еңбек нарығына кіруді жеңілдетсе, екінші жағынан жастарға кәсіби бағытын нақтылауға мүмкіндік береді, – дейді Т. Төлеу. 

Сонымен қатар, сарапшы қазіргі жастардың фриланс, кәсіпкерлік пен цифрлық платформалар арқылы жұмыс істеу сияқты балама жолдарды жиі таңдайтынын алға тартады.  

Жастардың сапалы білім алып, еңбек нарығына тез бейімделуі үшін білім беру жүйесін жаңарту мәселесіне ерекше назар аударылуда. Негізгі мақсат – жоғары оқу орындары мен колледждерден түлеп шығатын жас мамандардың еңбек нарығында сұранысқа ие болып, нақты кәсіби дағдыларды меңгеруі. Яғни жастар тек диплом алу үшін емес, болашақ мамандығын саналы түрде таңдап, еңбекке жылдам араласатындай білім алуы маңызды.