Директор арыз жазды: Шымкентте вахтер мектеп оқушысына қол көтерді

Qaz365.kz редакциясы
Коллаж: Qaz365.kz

Шымкент әкімдігі 11 наурызда баспасөз мәслихатын өткізді. Жиын кезінде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек белсенді тұрғын, әрі Абай ауданындағы мектептердің біріндегі вахтер болып жұмыс істейтін әйелдің оқушыны ұрған видеосын көрсетті, деп хабарлайды Qaz365.kz. 

Сәрсен Құранбек «әуелі мектептегі камераларды орнатқан соң қандай нәтиже болғанын көрсетейік» деп сөз бастады да, белсенді кісі жайлы видеоны көрсетті.

«Бұл кісі танымал апай. Абай ауданында бір алаптың биі сайланған. Өзін өзі сайлады ма, біреу сайлады ма? Біз білмейміз. Әкімнің әр кездесуінен қалмайды. Келген сайын айқайлап бір нәрселерді айтады. Енді бұл кісі елдің қамын ойлап «еңіреп» жүрген ерлердің қатарына кіргісі келіп жүр деп ойлайсың ғой енді. Сөйтсек ол кісінің жеке басына қатысты да мәселелері бар екен. Анау рас болатын болса, өзіне қажетті бір жерлерді қосып бер деп айтады-мыс. «Мынаны реттесеңіздер, мен осы мәселені көтермеймін» деп айтады-мыс. Мектеп салынып жатқан кезде де қаншама айқай-шу шығарды?!. Бұл жерде айқай-шу шығаратындай еш нәрсе жоқ қой. Бұл кісі неге көтеріп тұр десек, ол кісі енді зейнеттегі адам. Барып мектепке вахтер болып орналасқан. Ал енді мектепте сіз қызметкер болсаңыз да, вахтер болсаңыз да, біреудің баласына қол жұмсамауыңыз қажет қой? Яғни, бұл кісі мектепте де өзінен басқаларға әлімжеттік көрсетеді деген сөз», — деді.

Біреулер сол жерде сол әйелдің «әйелдердің зейнет жасын қысқарту» жайлы митинг ұйымдастыруы жайлы айтып қалды. 

«Баланың ата-анасынан кешірім сұраған көрінеді. Арыз жазбаймыз депті. Бұл кісінің үстінен мектеп директоры арыз жазды. Іс қозғалды. Бұл кісінің ісін полиция қарайтын болады», — деді Сәрсен Құранбек.

Еске сала кетсек, АҚШ азаматтары асырап алған Қарағанды қаласының тумасы Николас Пикколо өзінің биологиялық ата-анасын іздеп, қазақстандықтардан көмек сұрады.