Астанада LRT жолақысы қанша болады?

Qaz365.kz редакциясы
Астана қаласының әкімдігі

Астанада LRT жолақысын 200 теңге етіп белгілеу ұсынылды. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында жарияланған Астана әкімдігінің қаулы жобасында айтылған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Құжатта жеңіл рельсті көлікпен жолаушылар мен багажды әлеуметтік маңызы бар тұрақты тасымалдау тарифтері көрсетілген. Жобаға сәйкес, қолма-қол және қолма-қолсыз төлем кезінде жолақы 200 теңге болуы мүмкін. Ал жеңілдік берілетін көлік картасымен төлем жасаған жағдайда жолақы 0 теңге болады.

Жолақы төлемінен босату үшін қалалық жолаушылар көлігі бағыттарында электронды атаулы көлік картасының түпнұсқасын көрсету қажет екені атап өтілген.

Қаулы жобасын қоғамдық талқылау 27 наурызға дейін жалғасады.

Бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT-ны іске қосу алдағы айларда, яғни көктемде жоспарланып отырғанын мәлімдеген. Қазіргі уақытта желінің барлық бөлігінде сынақ пайдалану жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Әкімнің айтуынша, сынақ кезінде инфрақұрылым мен қауіпсіздік жүйелері, қызметкерлердің дайындығы және төтенше жағдайларға әрекет ету рәсімдері тексерілуде. LRT пойыздары жүргізушісіз режимде қатынайды.