«Азаматтарда басқа таңдау да болуы керек»: Нартай Аралбайұлы ақылы жолдар мен Жаңа Конституция жайлы сөз сөйледі

Qaz365.kz редакциясы

Мәжіліс депутаты өзінің бұрыннан бері ақылы автотұрақтар мен жолдардың мәселесін көтеріп келе жатқанын айтты

Коллаж: Qaz365.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы ақылы жолдар мен автотұрақтарға қатысты сұрақтарға жауап беріп, азаматтарда таңдау болуы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның пікірінше, Конституцияда барлық заңнамалық өзгерістер толық жазылмайды, ол — негізгі бағыттарды айқындайтын басты құжат. Сондықтан ақылы жолдар жайлы мәселе мұнда көрсетілмейді. Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция қоғамдағы маңызды салалардың іргетасын белгілейді.

«Сіздер түсініңіздер, Конституцияда барлық заңнамалық өзгерістер тәптіштеп түсіп тұрмайды. Жаңа Конституция — заңның темірқазығы. Бұл жерде адам құқықтары, бұл жерде құрылтай жұмысы, бұл жерде президенттік билік, бұл жерде сөз бостандығы, бұл жерде білім-ғылымға қатысты нақты негіздер жазылады. Одан кейін барып ол тиісті заңдарда көрініс табады. Сондықтан да біз енді айтып отырмыз ғой. Біз бұл талапты әуелден бері айтып жүрміз».

Ол ақылы автотұрақтар мен жолдар мәселесін бұрыннан көтеріп келе жатқанын атап өтті. Депутаттың сөзінше, елдегі автотұрақтардың барлығы мемлекет меншігіне қайтарылған.

«Ақылы жолдардың мәселесі, ақылы автотұрақтардың мәселесі үшін мен күресіп жүрген азамат екенімді білесіздер. Еліміз бойынша бүкіл автотұрақтың барлығы мемлекеттің меншігіне қайтарып бердік. Оны мен өзім үлкен бір мақтанышпен айта аламын».

Сонымен қатар ол ақылы жолдар бойынша азаматтарға таңдау мүмкіндігі берілуі қажет екенін айтты.

«Қазір енді ақылы жолдарға қатысты мәселелер туындап жатыр. Енді бұл жерде алуан түрлі мәселе бар. «Неге азаматтарға альтернативті таңдау жоқ?» деген үлкен мәселе бар. Бұл да қосымша бюджеттің қаражатын талап ететін мәселе. Бірақ мен өз басым шынымен де азаматтарға екінші таңдау болу керек деген негізді қолдаймын. Мен сол үшін де күресіп жүрмін».

Депутат жол саласына қатысты заң жобасына бірнеше ұсыныс енгізгенін де жеткізді. Оның айтуынша, ақылы жолдардан түскен қаражат алдымен сол жолдардың өзіне жұмсалуы тиіс.

«Үкіметтен келген нұсқада былай дейді: «Ақылы жолдар, мысалы былтыр 100 млрд теңгедей ақша тауыпты. Соны жаңа заң жобасында аламыз, ол қаражаттың бір бөлігі ақылы емес жолдарға жұмсаймыз» дейді. Мен: «Тұра тұрыңыздар» деймін. Қателеспесем біздің уәкілетті органдар 1,5–2 трлн теңгедей ақылы жолдарға қарыз алған. Түскен ақшаны қай учаскеден түссе, соны жөндеуге жұмсайық. Бюджеттен ақша жұмсамайық, сол ақшаның өзін жұмсайық».

Сондай-ақ ол ақылы жолдардан түскен табыстың бір бөлігі алынған қарыздарды өтеуге бағытталуы қажет екенін айтты.

«Одан кейін қалған бір бөлігін, кемінде төрттен бірін, тіпті жақсы болса тең жартысын дейік мынау алған қарызды жабуға жұмсайық. Оны мемлекеттің мойнына іліп қоймайық. Өйткені мемлекеттің мойнына іліп қою бәрібір бюджетке салмақ түсіреді».

Депутаттың пікірінше, жаңа Конституция азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін маңызды құжат.

«Ал жаңа Конституция бұл — адам құқықтары, қарапайым адам мен мемлекеттік органдардың арасын теңестіретін үлкен бастама екенін өздеріңіз көріп отырсыздар», — деді Нартай Аралбайұлы.

Еске сала кетсек, депутат Мұрат Әбенов егер такси жүргізушілері апатқа ұшыраса, сақтандыруды Яндекс немесе таксопарк төлеуі керек деп санайтынын айтқан еді.