3 бөлмелі пәтердің кілтін жергілікті кәсіпкер мен мәслихат депутаты сыйлаған
Абай облысында қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Айдос Тоғызбаевтың отбасына үй берілді, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі ҚР Төтенше жағдай министрлігінің сайтына сілтеме жасап.
12 қарашада Семей қаласының "Қарағайлы" ықшам ауданындағы тұрғын үйлердің бірінен 3 бөлмелі пәтердің кілті марқұм Айдос Тоғызбаевтың жұбайы мен балаларына табысталды. "Фирма Азия" ЖШС өкілдері мен облыстық мәслихат депутаты Әсемқан Досқожанов оларды жаңа қоныспен құттықтады.
"Фирма Азия" ЖШС бас директоры Сәуле Досқожанова қаза болған өрт сөндірушінің отбасына баспана берілетіні жөнінде қыркүйек айында хабарлаған болатын.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші, марқұм Айдос Тоғызбаевтың отбасына қолдау көрсетіп, 3 бөлмелі пәтердің кілтін сыйлағаны үшін «Азия Фирма» ЖШС бас директоры Сәуле Досқожановаға және облыстық мәслихат депутаты Әсемқан Досқожановқа алғысын білдірді.
“Өзімнің және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің атынан қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші Айдос Тоғызбаевтың отбасына тұрғын үй сатып алуға қолдау көрсетіп, баға жетпес көңіл мен жылулық сыйлағаныңыз, уақтылы және қажетті көмек үшін шексіз алғысымды білдіремін. Әрқашан көмекке келуге дайын сіз сияқты адамдардың бары екенін білу ғанибет”, – деп Юрий Ильин өз алғыс хатында атап өтті.
Айта кетейік, 7 қыркүйекте Жарма ауданында дала өртін сөндіру кезінде 36 жастағы Айдос Тоғызбаевтың денесін қатты күйік шалып, қаза тапқан болатын. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өрт сөндірушінің отбасына Мемлекет басшысының атынан ІІІ дәрежелі "Айбын" орденін табыстаған еді.