Табиғатты қорғау – тасқынның алдын алудың да бір жолы

Qaz365.kz редакциясы
Gov.kz

Соңғы жылдары климаттың өзгеруі мен табиғи апаттардың жиілеуі су қауіпсіздігі мен экологиялық тепе-теңдік мәселесін күн тәртібіне шығарды. Әсіресе су тасқынының алдын алу, гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігі, табиғатты қорғау және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану мәселелері қоғам үшін маңызды тақырыпқа айналып отыр. Осы орайда Qaz365.kz тілшісі аталған мәселелердің экологиялық қырын саралау мақсатында эколог Азаматхан Амиртаевпен сұхбаттасқан еді. Сұхбат барысында су тасқынының себептері, оның табиғатқа әсері, карьерлерді пайдалану, космомониторингтің мүмкіндіктері және трансшекаралық өзендерді бірлесіп бақылаудың маңызы туралы әңгіме өрбіді.

– Үкімет басшысы су қоймаларының жай-күйін бақылауды тапсырды. Эколог ретінде айтыңызшы, гидротехникалық нысандардың (дамбалар, бөгендер) дұрыс жұмыс істемеуі аймаққа қандай зардап әкелуі мүмкін? Судың деңгейін реттеуде табиғи тепе-теңдікті қалай сақтауға болады?

– Гидротехникалық нысандардың (дамба, бөген, су қоймалары) дұрыс жұмыс істемеуі аймаққа өте ауыр экологиялық және әлеуметтік зардап әкелуі мүмкін. Біріншіден, бұл кенеттен болатын су тасқынына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда елді мекендер, ауыл шаруашылық жерлері және инфрақұрылым су астында қалады. Екіншіден, өзендердің табиғи режимі бұзылады. Су тым көп жиналса – төменгі ағыс құрғап кетуі мүмкін, ал кенет босатылса – экожүйеге соққы береді. Үшіншіден, балықтар мен су жануарларының тіршілік ортасы өзгереді, бұл биоалуантүрлілікке зиян тигізеді. Судың деңгейін реттегенде ең бастысы: су қоймаларын жыл бойы тұрақты мониторингтен өткізу, экологиялық су жіберу режимін сақтау, өзендердің табиғи ағысын толық тоқтатпау, гидротехникалық нысандарды уақытылы жөндеу және жаңғырту
Яғни су қауіпсіздігі мен табиғи тепе-теңдік бірге қарастырылуы керек.

– Су тасқынының алдын алу үшін ағаш кесу немесе жер бедерін өзгерту экологияға әсер етпей ме?

– Иә, мұндай шаралар дұрыс жоспарланбаса топырақ эрозиясына, жердің тозуына және шөлейттенуге әкелуі мүмкін. Ағаштар мен өсімдіктер топырақты бекітеді, судың ағысын баяулатады және табиғи дренаж қызметін атқарады. Сондықтан тасқынның алдын алу жұмыстары кезінде жаппай орман кесуге жол бермеуге, тек қауіпті аймақтарда селективті кесуге, өзен жағалауларында қорғаныш жасыл белдеулер сақтауға және жұмыстар аяқталған соң экожүйені қалпына келтіруге тиіс. Бұл жерде инженерлік шешімдер мен экологиялық сараптама бірге жүруі қажет.

– Құм, тас алу карьерлері табиғатқа зиян келтірмей ме? Рекультивация қаншалықты маңызды?

– Инертті материалдарды көп көлемде өндіру жер бедерінің бұзылуына, ауаның шаңдануына және жер асты суларының өзгеруіне әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай жұмыстарды жүргізу белгілі бір талаптар мен ережелерге сай жүзеге асуы тиіс. Атап айтқанда, инертті материалдарды өндіру тек лицензияланған карьерлерде жүргізіліп, міндетті түрде экологиялық бағалаудан өтуі қажет. Сонымен қатар, табиғатқа түсетін салмақты азайту үшін өндіріс белгілі бір көлемдік лимитпен шектелуі тиіс. Бұл үдерісте рекультивацияның маңызы өте зор. Яғни, жұмыс аяқталғаннан кейін карьер аумағын қалпына келтіру шаралары міндетті түрде жүргізілуі керек. Ол үшін карьерлер топырақпен жабылып, аумаққа жасыл желек отырғызылады. Кейбір карьерлерді су қоймасына немесе демалыс аймақтарына айналдыруға да болады. Мұндай тәсілдер табиғатты қалпына келтірудің халықаралық тәжірибесінде кеңінен қолданылады.

– Космомониторинг тасқынның әсерін анықтауға көмектесе ме?

– Қазіргі заманда ғарыштық мониторинг, яғни спутниктік бақылау жүйелері экологиялық жағдайды болжауда маңызды рөл атқарады. Бұл технологиялардың көмегімен табиғи өзгерістерді алдын ала бақылап, дер кезінде шара қабылдауға мүмкіндік бар. Спутниктік бақылау арқылы су тасқынының таралу бағыты мен көлемін анықтауға, топырақтың ылғалдылық деңгейін бақылауға, жердің құнарлылығының өзгерісін бағалауға болады. Сонымен қатар, су көздеріндегі лайлану мен ластану деңгейін де қашықтан бақылау мүмкіндігі бар. Осындай заманауи технологиялар ерте ескерту жүйесін дамытуға ықпал етіп, табиғи апаттардың салдарын азайтуға көмектеседі. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына келетін шығынды азайтып, табиғи ресурстарды тиімді басқаруға жол ашады.

– Көрші елдермен экологиялық мониторинг қаншалықты маңызды?

– Қазақстандағы көптеген өзендер трансшекаралық болып саналады, яғни олардың бастауы немесе негізгі ағысы көрші мемлекеттердің аумағынан өтеді. Мысалы, Ертіс пен Іле өзендері Қытайдан бастау алады, ал Сырдария өзені Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан аумақтары арқылы ағып келеді. Сонымен қатар Жайық өзені Ресейден басталып, Қазақстанға құяды. Осыған байланысты мұндай өзендерді тиімді басқару үшін мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық өте маңызды. Ең алдымен, ортақ гидрологиялық деректермен алмасу, өзендерге бірлескен мониторинг жүргізу және су жіберу кестесін өзара келісу қажет. Егер мемлекеттер арасында ақпарат уақтылы алмасып отырса, су тасқыны қаупін алдын ала болжап, оның алдын алу мүмкіндігі бірнеше есе артады.