Көктемгі қауіпке қарсы қам

Qaz365.kz редакциясы
gov.kz

Көктемгі қарғын су қаупі биыл да ел назарындағы өзекті мәселелердің біріне айналды. Осыған байланысты Үкімет деңгейінде су тасқыны маусымына дайындық жайы кеңінен талқыланып, алдын алу шаралары пысықталды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штаб отырысында жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді. Әсіресе ТЖМ-ға жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, қауіпсіздік шараларын күшейту, алдын алу бағытындағы тексеру мен рейдтерді жандандыру, сондай-ақ халық арасында түсіндіру жұмыстарын кеңейту тапсырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz. 

Мамандардың болжамы да алаңдаушылық туғызады. Биылғы наурыз айы қалыптағыдан жылырақ өтеді әрі жауын-шашын мол түседі деп күтілуде. Оның үстіне, еліміздің көптеген өңірінде қыс бойы жиналған қалың қар әлі толық еріп үлгермеген. Синоптиктердің дерегіне сүйенсек, Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері климаттық қалыптан жоғары болмақ. Сәуір айының да жылы болуы ықтимал. Әсіресе батыс аймақтарда, сондай-ақ оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың тау және тау бөктеріндегі өңірлерінде жауын-шашын көлемі артып, кей жерлерде қардың да мол түсуі мүмкін. Осындай табиғи факторлардың қабаттасуы елде екі жыл бұрынғы алапат тасқынға ұқсас жағдайдың қайталану қаупін күшейтеді. 

Эколог Азаматхан Амиртаевтың айтуынша, Қазақстандағы су тасқыны көбіне қыста қардың шамадан тыс жиналуы мен көктемде күннің күрт жылынуынан туындайды. Оның пікірінше, қазір ел ішінде су басу қаупі жоғары бірнеше өңір бар. Мәселен, Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында таулы аймақтар мен өзендердің жылдам тасуы басты қауіп көзі болса, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында қар суының көп жиналуы алаңдатпай қоймайды. Ал Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында Жайық пен Елек өзендері алабындағы ахуал ерекше назарды қажет етеді. Сонымен бірге Алматы және Жетісу облыстарында сел қаупі мен тау өзендерінің тосын мінезі жағдайды күрделендіре түседі. 

Маман мұндай өңірлердегі халықты алдын ала құлақтандырудың маңызына да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қауіпті кезеңде тұрғындарға дер кезінде ескерту жеткізу үшін SMS-хабарлама жүйесін пайдалану, арнайы карталар мен онлайн платформаларды іске қосу, теледидар мен әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстарын күшейту аса қажет. Бұған қоса, мектептерде табиғи қауіпсіздікке арналған сабақтарды жүйелі өткізу де тиімді болмақ. Ең бастысы, жергілікті әкімдіктер ерте ескерту жүйесінің тұрақты әрі нәтижелі жұмысын қамтамасыз етіп, қауіп карталарын халыққа түсінікті, қарапайым тілде жариялап отыруы тиіс. 

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің мәліметінше, 1 наурыздан бастап министрліктің жедел штабы күшейтілген режимге көшкен. Қазір елдегі гидрологиялық жағдай мен су тасқыны қаупі жоғары аумақтар тәулік бойы бақылауда. Бұл көктемгі кезеңде туындауы ықтимал қауіптерге жедел жауап беруге мүмкіндік береді. Республика бойынша су басу қаупі бар 1 242 елді мекен анықталған. Осыған байланысты азаматтық қорғау қызметтерінің республикалық және өңірлік топтары жасақталып, олардың құрамына 39 мыңнан астам адам тартылған. Сонымен қатар 18 мыңнан аса техника мен арнайы құрал дайын күйге келтірілген. Қазіргі таңда барлық жауапты құрылымдар жоғары дайындық жағдайында жұмыс істеп тұр. Егер ахуал күрделене түссе, шұғыл шешімдер дереу қабылданады. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, өткен жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді. Соның нәтижесінде құтқару бөлімшелерінің әлеуетін арттыру үшін 842 арнайы техника, 27 қайық пен катер, 4 әуе кемесі және басқа да қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Бұл төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету мүмкіндігін айтарлықтай күшейтті. 

Бұдан бөлек, су тасқынының алдын алуға арналған инженерлік инфрақұрылым да едәуір жаңартылды. Ел аумағында 830 шақырымнан астам қорғаныс бөгеттері мен бөгендер салынды. 1 128 шақырым дренаж жүйелері, каналдар мен арықтар жөнделіп, қайта жаңғыртылды. Автомобиль және теміржол бойларында су өткізуге арналған 934 нысан жаңадан орнатылып, ескілері ауыстырылды. Су тасқыны қаупі жоғары өзен учаскелерінде де үлкен жұмыс атқарылды: 166 шақырымға жуық өзен арнасы тереңдетіліп, 255 шақырым жағалау бекітілді. Сонымен қатар 221 шақырым аумақ тегістеліп, 172 шақырым арна тазартылды. Бұл шаралардың бәрі көктемгі су көлемі артқан кезде ықтимал қатердің алдын алуға бағытталған. 

Қазіргі уақытта елімізде 1 395 гидротехникалық нысан бар. Оңтүстік өңірлердегі су қоймалары қазір су жинау режимінде жұмыс істеп тұр, ал солтүстік, батыс, орталық және шығыс аймақтардағы нысандар жоспарлы тәртіппен қызметін жалғастыруда. Жалпы, су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде 166 шақырымнан астам өзен арнасын қамтыған алдын алу іс-шаралары жүзеге асырылды. 

Қысқасы, биылғы көктем табиғаттың тосын мінезін танытуы мүмкін кезең ретінде бағаланып отыр. Сондықтан сақтық пен дайындық, жедел әрекет пен нақты жоспар – алдағы уақытта қауіптің ауқымын азайтатын басты тетік болмақ.