«Халық үніне құлақ асатын үкіметтің» назарына ұсынамыз
Бүгінгі қозғағалы отырған мәселеміз жеті баланы дүниеге әкеліп, мемлекеттен қолдау таба алмай, жалғыз өзі тәрбиелеп жатқан көп балалы ана жайлы болмақ. Алматылық Анар Боранбаева пәтерден пәтерге көшіп жүр, педофилия бойынша сотталған күйеуінен көрген қылмыстың зардабын тартып отыр. Тіпті оның туыстарының қоқан-лоққысына ұшырап, үнемі басқа жаққа көшуге мәжбүр болған. Жеті бірдей баланы жеткіземін табан ет, маңдай терін төгіп, тағдырдың тауқыметін көрген ол көшіп жүрген соң «тіркеу» мәселесін шеше алмай, әлі күнге дейін әлеуметтік көмек те, баспана да, тіпті көпбалалы анаға берілетін «Алтын алқа» мемлекеттік наградасын да ала алмай келеді.
Qaz365.kz редакциясы көпбалалы анаға хабарласып, оның не себепті мемлекеттен қолдау ала алмай жүргенін анықтады.
2002, 2004, 2014, 2015, 2018, 2018, 2020 жылғы 7 баласы бар Анар Боранбаева өзінің ата-әжесінің тәрбиесін алып өскен қарапайым қыз болғанын айтты. Бірінші некеден екі баламен ажырасқан соң Анар балаларын асырау үшін өзі пәтер жалдап, жұмыс істеп тұрып жатқан. Кейін 2013 жылдан 2020 жылға дейін азаматтық некеде басқа бір азаматпен тұрған. Алайда осы жылдар аралығында күйеуі арақ ішіп, қор көтеріп, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен.
Көпбалалы ананың ауыр тағдыры
Қазір тағдырдың тауқыметін қанша көрсе де қайсар әйел балалары үшін бір сәтке болса да әлсіздік таныта алмайды. Қазірдің ол заң бойынша берілуі қажет «Алтын алқаны» ала алмай отыр.
«Менің атым Анар. Жасым 43-те, мен жеті баланың анасымын. Алматыда тұрамын, осы жердің тумасымын. Бала кезімде мені ата-әжем Орал қаласына алып кеткен. Қараоба деген ауылда тұрдым. Сол жерде 4 жасқа дейін өстім. Мені толықтай ата-әжем тәрбиеледі, білім берді. Әжем физика пәнінің мұғалімі болды, атам өте зиялы адам еді. Сол кісілер маған оқуды, жазуды, тәрбие мен тәлімді үйретті», — деді Анар Боранбаева.
Алайда қалаға оралған соң оның өмірінде күрт өзгерген. Әсіресе әкесінің қаталдығы мен отбасындағы көзқарас оның бала психологиясына әсер еткенін жасырмайды.
«4 жасымда мені қайтадан ата-анама алып келді. Қаладағы өмір мүлде басқа болды. Әкем өте қатал адам еді. Әкем үшін ұл бала маңызды болды, ал қыз балаға деген қырын қарады. Мен шындықты бетке айтатын бала болдым, теңдікті талап еттім. Бірақ оның соңы көбіне соққыға ұласатын», — деді Анар Боранбаева.
Осы қысым мен шектеулер оның ерте тұрмыс құруына себеп болған. Алайда бұл неке ұзаққа бармаған. Екі баласын асырап, жалғыз өзі кеткен Анар біраз уақыт екінші жұбайының соңынан қалмағанын айтты. Басында тірлікпен алысып, «балаларды қалай асыраймын?» деп жүрген ол қарыс-қатынас жайлы ойламаған. Алайда екінші жолыққан ер азамат басында өзін өте жақсы адам етіп көрсеткен. «Арқа сүйеуге болатын азамат» деп оған сенім артқан Анар азаматтық некеге отырып, бірге тұра бастаған. Алайда осы екінші қарым-қатынасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп, ұзақ уақыт қорқыныш пен күйзелісте өмір сүрген.
«Біз өте ауыр күйзелісте өмір сүрдік. Алғашында ол адам жақсы болып көрінді. Бірақ кейін қол көтере бастады. Мен қоғамнан қорықтым, адамдардың сөзінен қорықтым. Қазір балаларым үшін қорқуды қойдым. Бұрынғы күйеуімнің маған келтірген зардаптары өте ауыр. Денемде пышақтан қалған жарақаттар өте көп. Қабырғаларым сынған. Екі рет микроинсульт алдым, екі рет миым шайқалды. Оң жақ тіземнің сүйегі сынған. Қайнаған майдан күйіп қалған жерлерім де бар. Бір сөзбен айтқанда, сау жерім жоқ…», — деді Анар Боранбаева.
Бірнеше рет ол зорлыққа шыдамай өз үйіне де келген дегенмен артынан туыстары кешірім сұрап жүріп, қайта екінші жарына қосылған. Жәбірленушіні айыптап, істің байыбына бармай, табалауға дайын тұратын қоғамның қысымы да оны күйзелтіп, ұзақ уақыт шешім қабылдай алмаған. Осы екінші некеде жүктіліктен қорғануға дәрілер де, басқа амалдар да көмектеспеген. Осылайша балаларымен қатар үйдің тірлігін, табыс табуды да өз мойнына алған әйел қоғамның табалауынан, қаралауынан қорқып, бар мұңын жұтып, тіршілігін жасай берген. Ең сорақысы — 2020 жылы 4 жастағы ортақ қыздарына жыныстық емеурін көрсеткені үшін ұсталып, 20 жылға сотталды.
Анар осы оқиғалардан кейін тек жақындары ғана емес, қоғамның да сөгіп, мұқатып, тиіскенін айтты.
«Алматыда бізге қатысты жай ғана буллинг емес, нақты мұқатып, қудалағандар болды. Бүкіл қоғам теріс айналғандай болды. Артымыздан жаман сөздер айтатын. Маған қиын болса да, бәрінен бұрын балаларға одан да ауыр тиді», — деді Анар Боранбаева.
Ақыры ол балаларын қорғау үшін Астанаға көшуге мәжбүр болған. Ол жаңа орта балаларға жақсы әсер еткенін атап өтті.
«Мен балаларымды қорғау үшін Астанаға көшіп кеттім. Жаңа ортада олар тынышталып, өзгере бастады. Қазір басқа мектепте оқиды, айналамен араласып, толық ашылды», — деді Анар Боранбаева.
Алайда жаңа қала жаңа мүмкіндіктермен бірге жаңа қиындықтарды да алып келген. Ең үлкен қиындық – қаржы мен баспана мәселесі болып тұр.
«Қаржыдан қатты қысылдық. Үлкен ұлым бізбен бірге барлық ауыртпалықты көтерді. Ол отбасы үшін курьер де, бармен де болып жұмыс істеді. Мен де түрлі жұмыстар істедім. Пәтер иелері балаларым бар екенін білгенде баспана бермей әлек қылған кездер болды. Ақша жоқ болса, шығарып жібереді».
Мемлекеттен неге қолдау жоқ?
Анар Боранбаева тұрмыстың қиындығынан бөлек, бұрынғы күйеуінің туыстары тыныштық бермей, өміріне қауіп төндіретінін де атап өтті.
«Олар біз тұратын үйдің ауласына дейін келіп жүрді. Түнгі 4-те тереземізді сындырды. Кейін үйді өртеп жіберуге тырысты. Мен мүлде басқа жерге көшуге мәжбүр болдым», — деді көпбалалы ана.
Осылайша басқа өңірге көшуге мәжбүр болған соң тұрақты тіркеу болмаған. Ал «Алтын алқа» алу жайлы ережеде тіркеу жайлы жазған соң Анар Боранбаеваға берілмейді.
«Менде негізгі тіркеу жоқ. Ал негізгі тіркеу болмаған соң, уақытша тіркеуге де тұра алмаймын. Негізгі тіркеудің жоқтығы – барлық мәселенің түйіні болып тұр. Соның кесірінен ешқандай жеңілдікке қол жеткізе алмай отырмын», — деді Анар Боранбаева.
Көпбалалы ана дәл осы ереженің кесірі балаларын мемлекеттік мекемеге орналастыруға тиетінін айтты. Тіпті емханаға да тіркелуге мүмкіндік жоқ.
«Тіркеу болмағандықтан балаларымды көптеген мемлекеттік мекемелерге орналастыру қиын. Емханаға тіркеле алмаймыз. Көптеген мемлекеттік құрылымдарда жұмысқа тұруға да мүмкіндік жоқ. Оның үстіне есепшоттарым бұғатталғандықтан, жұмыс істеу тіпті қиындай түседі. Ең үлкен мәселенің бірі – тұрғын үй кезегіне де тұра алмаймын. Өйткені бәрі тіркеуге тіреледі», — деді Анар Боранбаева.
Анар Боранбаева бұл жай ғана ережеде жазылған дүние екенін, ал заңда тіркеуге қатысты дүние жоқ екенін атап өтті. Ол өзінің құқығы бұзылып жатқанына назалы.
«Заңда «тіркеу міндетті» деген нақты талап жоқ. Егер сен Қазақстан Республикасының азаматы болсаң, мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмектерді алуға толық құқығың бар. Жеті баланы дүниеге әкелген ана ретінде мен тиісті барлық қолдауды алуға міндеттімін. Бірақ іс жүзінде тіркеу – заң емес, тек ереже ғана. Ал сол ереже менің құқықтарымды шектеп отыр. Осылайша менің конституциялық құқықтарым бұзылып жатыр».
«Жүйеге өзгеріс қажет»
Ол тек өзіне емес, өзі сияқты аналар үшін үкімет осындай мәселелерде өзгеріс жасауы қажет екенін айтады.
«Маған қазіргі ауадай қажет нәрсе — тіркеуге тұру. Екінші мәселе – баспана. Мен де басқа әйелдер сияқты өз үйім болғанын қалаймын. Мен ғана емес, мен сияқты тентіреп жүрген аналар көп», — деді көпбалалы ана.
Сөз соңында ол әйелдердің бір-біріне қолдау көрсетуі маңызды екенін атап өтті.
«Әйелдерге айтарым – ешқашан берілмеңіздер. Біз өте ауыр жүкті арқалап келеміз. Бірақ ешкімнің мені де, балаларымды да айыптауға құқығы жоқ», — деді көпбалалы ана.
Мақаланы шығарғалы жатқанда тілшімізге Анар Боранбаева хабарласты. Анардың айтуынша, омбудсмен Снежана Имашева нақты бағыт-бағдар беріп, мәселені шешудің жолдарын көрсеткен. Ол бұған дейін істі сағызша созған, ешқандай нақты жауап бермеген қызметкерлерге де уәжін айтты.
«Мен президент аппаратына да, түрлі басшыларға да талай рет бардым. Президент аппаратынан Жақсыбаев Қанатбек Бахытұлымен кездескенмін. Бірақ ешқандай нәтиже болмады, нақты жауап та, алға жылжу да болған жоқ. Кеше Снежана Валерьевнаның қабылдауында болдым. Сол кезде алғаш рет нақты бағыт пен шешім жолын түсіндім. Ол кісі өте кәсіби маман екен. Бұған дейін маған нақты жауапты ешкім бере алмаған еді», — дейді көпбалалы ана.
Айта кетейік, бұл іске құжат өткізу, құзырлы органдарға жүгіну секілді жұмыстар жалпы 3 айға созылуы мүмкін. Сондықтан мәселе әлі толық шешілмеген соң түбегейлі жауап жоқ.
Бұл жағдай Анар Боранбаеваның оқиғасы ғана емес, тұтас жүйенің мәселесін көрсететін жағдай. Тіркеу сияқты ресми талаптардың кесірінен әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмау – бүгінгі күннің өткір мәселелерінің бірі.
Мақаланы «Еститін үкіметтің» назарына ұсынамыз.
Qaz365.kz редакциясы жағдайды бақылап, алдағы уақытта тікелей ақпарат таратып отырады.