Көкшетаулықтар «Қара жорға» биі мен «бес асық» ойынынан Қазақстан рекордтар кітабына енді

Qaz365.kz редакциясы

Мерекелік шаралар 50 киіз үйден құралған этноауылмен жалғасын тапты

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі

Биыл Көкшетау өңірдің мәдени орталығы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеп, Наурыз мерекесін жарқын әрі мазмұнды іс-шаралар легіне айналдырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бір мезетте «Қара жорға» биін жаппай орындау және «бес асық» ұлттық ойынын қатар ойнау бойынша екі бірдей жетістік Қазақстан рекордтар кітабына енді. Сонымен қатар, қалада 50 тақырыптық киіз үйден тұратын бірегей жоба жүзеге асырылды.

Ең әсерлі сәттердің бірі – «Қара жорға» биінің жаппай орындалуы болды. Бір алаңда 2 мыңнан астам ер азамат – ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, еңбек ұжымдары, әскери қызметшілер, спортшылар мен жастар бір ырғақта би биледі. Ұлттық шапан киген қатысушылардың үйлесімді қимылы ұрпақтар сабақтастығының символына айналып, қоғамдық бірліктің жарқын көрінісін көрсетті.

Сонымен қатар өңір тағы бір рекорд орнатты: 1500 мектеп оқушысы бір уақытта «бес асық» ойынын ойнады. Бұл ауқымды шара жас ұрпақтың ұлттық дәстүрлер мен мәдени мұраға деген қызығушылығының артып келе жатқанын айқын көрсетті. Екі жетістік те ресми түрде Қазақстан рекордтар кітабына тіркеліп, ұйымдастыру деңгейінің жоғары екенін және тұрғындардың белсенді қатысуын дәлелдеді.

Мерекелік шаралар 50 киіз үйден құралған этноауылмен жалғасын тапты. Әрбір киіз үй жеке мәдени кеңістікке айналып, қонақтарға халық қолөнері, салт-дәстүрлер, ұлттық тағамдар мен әдет-ғұрыптарды таныстырды. Сонымен қатар интерактивті шеберлік сабақтары мен ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Ерекше назар Көкшетаудың тарихи жолы мен бүгінгі дамуын көрсететін тақырыптық көрмелерге аударылды.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов наурыз мейрамының біздің халқымыз үшін маңызын айтып, құттықтау лебізін білдірді. 

«Қасиетті Ақмола жері – қашанда елдіктің туы тігілген, бірліктің бесігі болған, асыл өнерді бағалаған дарынды тұлғалар мекені. Бүгін алты жасар баладан алпыс жастағы кəріге дейін ер азаматтарымыз «Қара жорға» биінің керемет үлгісін, халқымыздың рухани байлығын, рухын паш етіп отыр.«Қара жорға» биі – ұлттық бірегейлігіміздің айғағы. Бұл би – тек қимыл-қозғалыс емес. Ол – аттың жүрісін, даланың еркіндігін және халықтың көңіл-күйін суреттейтін өнер туындысы. Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан халқымыздың киелі өнерін құрметтеп, жаңғырту, оны кейінгі жас ұрпақтың санасына сіңіру – біздің міндетіміз» , деді ол.

Осылайша, Көкшетауда өткен Наурыз мерекесі ұлттық дәстүрлер мен ортақ құндылықтар аясында өңір тұрғындарын біріктірген, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген маңызды оқиғаға айналды.