Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады

Qaz365.kz редакциясы

«Тазару күніне» орай еліміздің әр түкпірінде ауқымды экологиялық акция басталды

Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қазақстан халқын тазалық пен тәртіп эстафетасына белсене қатысуға шақырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Бүгін «Тазару күніне» орай еліміздің әр түкпірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының жаңа кезеңіне жол ашатын ауқымды экологиялық акция басталды.

Бұл – Наурызнама онкүндігінде айрықша орын алатын күн. Қоғамымыздың жаңғыруы күллі табиғаттың жаңаруымен тұспа-тұс келіп отыр. Уақыт пен іргелі өзгерістердің осылай үндесуі баршамызға Отанымыздың игілігі жолында аянбай еңбек етуге айрықша күш-жігер беретіні сөзсіз.

Республика аумағында «Мөлдір бұлақ» бастамасын жаппай жүзеге асыру қолға алынды. Бұл жоба аясында бұлақтардың көзін ашып, тал егу, жағалаулар мен су айдындарын, аулалар мен саябақтарды тазалау жұмыстары жалғаса береді.

Наурыз мейрамы кезінде қабылданған Жаңа Халық Конституциясында азаматтарымыздың табиғатқа қамқорлықпен қарауы ұлттық дүниетанымымыздың басты қағидатының бірі ретінде айқындалған.

«Таза Қазақстан» идеологиялық тұжырымдамасының түпкі мәні көшелерді, аулаларды және айналамызды таза ұстаудан ғана емес, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бастайтын ниет пен пейілдің тазалығынан көрініс табады.

Отандастарымызды Тазару күнімен құттықтаймын!

Қазір табиғат игіліктерін ұқыпты пайдалану және саналы тұтыну жолын таңдаған азаматтарымыздың саны артып келеді. Бұл – жарқын болашағымызға кепіл болатын игі үрдіс.

  Мен бүкіл халқымызды тазалық пен тәртіп эстафетасына белсене қатысуға шақырамын», - делінген Президент үндеуінде.