Атырауда Тазару күніне орай ауқымды сенбілік өтті

Qaz365.kz редакциясы

Сенбілікке мыңнан астам адам мен 50-ге жуық мекеме жұмылдырылды

Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Атырау қаласында 23 наурыз – Тазару күніне орай кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Экологиялық акция аясында Жайық өзенінің жағалауы тазартылып, қала аумағында санитарлық жұмыстар жүргізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Іс-шараға Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов қатысып, сенбілікке өзі де белсенді түрде атсалысты. Өңір басшысы тұрғындармен бірге тазалық жұмыстарына қатысып, үлгі көрсетті. Сенбілікке мыңнан астам адам мен 50-ге жуық мекеме жұмылдырылды. Сонымен қатар тазалық жұмыстарына 4 арнайы техника тартылып, нәтижесінде 40 тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналды.

Атырау облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Эльмира Сыздықованың айтуынша, шараға еріктілер мен жастар белсенді қатысуда.

– Бүгінгі шараға еріктілер мен жастар қатысуда. Іс-шараның мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, Жайық өзені жағалауын тазалау және табиғатты таза ұстауға деген жауапкершілікті арттыру. 50-ге жуық мекеме қатысып жатыр. 4 техника жұмылдырылған. Сенбілік аудан, қала орталықтарында және резерват аумағында өтуде. Наурызнама онкүндігі аясында өтіп жатқан бұл іс-шара алдағы уақытта да жалғасын табады. Жыл сайын «Таза жағалау» акциясын өткізіп келеміз, – деді ол.

Мұндай игі бастамалардың негізгі мақсаты – табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру.

Айта кетейік, Тазару күні – Наурыз мерекесі аясындағы маңызды күндердің бірі. Бұл күні еліміздің барлық өңірлерінде экологиялық шаралар ұйымдастырылады.

Нұргүл Насыр