Қазіргі уақытта облыстағы 26 тұқымбақта 7,3 млн дана көшет бар
ШҚО-да екі жылда 36 млн дана көшет отырғызылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірде 2026-2027 жылдары 7 мың гектардан астам аумаққа 36 млн дана көшет отырғызу көзделген. Биыл 3,3 мың гектар аумаққа 17,5 млн көшет отырғызылады», – деді аймақ басшысы.
Қазіргі уақытта облыстағы 26 тұқымбақта 7,3 млн дана көшет бар. Отырғызу материалдары тапшылығы мәселесін шешу үшін осы жылы қосымша көшеттер сатып алу жоспарланған. Сондай-ақ күзде жапырақты ағаш түрлері егіледі. Ал қарағаш тұқымын себу көктемде жүргізіліп, кейін оны өсіріп, күзде отырғызу көзделіп отыр.
«Орман шаруашылықтарын өз отырғызу материалымен қамтамасыз ету мақсатында биыл Верх-Уба орман шаруашылығында жабық тамыр жүйесі кешенін салу жоспарлануда. Алдағы уақытта осындай жобалар облыстың басқа орман шаруашылықтарында да жүзеге асырылады», – деді Нұрымбет Сақтағанов.