3 адамның өлімі: Алматыдағы Әл-Фараби даңғылындағы «жарысқа» полиция қызметкерлерінің қатысы бар ма

Qaz365.kz редакциясы

Марат Қожаев Германияда жол ережесін бұза беретіндерге «ақылсыздарға арналған» емтихан бар екенін атап өтті

Коллаж: Qaz365.kz

Жақында Мұрат Әбенов Алматының Әл-Фараби даңғылында жүйіткіген көліктерге полиция көз жұма қарайтынын айтқан еді. Ауқатты азаматтар мінген көліктер, жарыс көліктері осы даңғылда жылдамдықты сағатына 250 шақырымға дейін асырып, жарыс өткізген. Мұрат Әбенов сондай өрескел заң бұзушылықтардың кесірінен жол апаттары болатынын да тілге тиек етті. Бұл жайлы депутат Марат Қожаев та пікір білдірді. Ол заңды өзгертіп, қатаңдату жайлы бұрын да ұсынғанын еске салды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Депутат Марат Қожаев елімізде көлік жүргізушілердің жүйелі түрде жол ережелерін бұзуы қоғам үшін маңызды мәселе екенін айтты. Қожаевтың сөзінше, полицияның барлық жерді бірден бақылап отыруы мүмкін емес, сондықтан заңнамада өзгерістер жасау қажет. 

«Полиция ештеңеге көз жұма қарамайды. Дегенмен, олардың күші мен ресурстары барлық жерде жеткілікті емес. Біз ереже бұзатын жүргіншілердің әрқайсысына бір-екі полицейді бақылатып қоя алмаймыз. Сондықтан жағдайды өзгерту керек. Жол қозғалысын үнемі бұзатын адамдарға қатысты ережелерді қатаңдату қажет», — деді ол.

Қожаевтың айтуынша, елде заңды бұзу деңгейі бойынша жүргізушілер екі тоқа бөлінеді:

  • 94–95 % — заңға бағынатын азаматтар;
  • шамамен 5–7 % — үнемі ереже бұзатындар.

Осы топқа жататындар кейде камералар мен полиция бақылауынан құтылып кетеді. Депутат жүздеген ереже бұзған жүргізушілердің бар екенін атап өтті. Ол мұндай жүргізушілерді арнайы жеңілдіктерден айырып, толық жауапкершілікке тарту қажеттігін айтты.

Мәселен, депутат жүргізушілерге салынатын жазалар мен жеңілдіктерді қайта қарастыруды ұсынды:

  • Үнемі бұзушылардың 50 % жеңілдіксіз айыппұлдарды толық төлеуі;
  • Кішігірім құқық бұзушылықтар үшін ғана емес, үнемі жол ережесін бұзғандарға қатаң шаралар қолдану;
  • Жүргізуші куәлігін уақытша алып қою, қайта емтихан тапсырту тәрізді шаралар.

«Мысалы, Германияда осындай үнемі жол ережесін бұзғандарға арнайы «ақылсыздарға арналған» деп аталатын емтихан бар. Бізге де дәл сондай қатаң тәсілдер қажет», — деді Қожаев.

Айта кетейік, Алматы қаласының Әл-Фараби даңғылында 21 наурыз күні жол апаты болып, 3 адам оқиға орнында қаза тапты. Полиция бұл оқиғаны ҚР ҚК-ның 345-бабының 4-бөлімі бойынша тергеп жатыр. Бұл бап бойынша кінәлі адамға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.