«Жалғызбасты ана көп»: Жетімін жылатпаған қазақ халқы қандай дәстүрін ұмытып барады?

Qaz365.kz редакциясы

Ғалым, экономист, ұстаз Ғалымжан Керімбек ұмытылып отырған дәстүрдің мәнін түсіндірді 

Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Заманнан заман озып, көненің көзіндей бір ұрпақ бір ұрпаққа жеткізген кей дәстүр ұмытылып, болмаса қазіргі әлеуметтік желілер мен ғаламторға байланысты өзгерді. Бір сәтке де толастамайтын ақпарат ағыны да адам санасына салмақ түсіріп, қазіргі адамның ойын ертеректегі адамдармен салыстыруға келмей қалды. Бүгінгі қоғамдағы дәстүрдің орны бөлек. 

Qaz365.kz редакциясы ұлтымыздың ұмытылып, жойылып немесе мүлде басқаша өң алған дәстүрі турасында ғалым, экономист, ұстаз Ғалымжан Керімбекпен сұхбаттасты. 

«Жалғызбасты ана көп, жетім көп...»

— Әр халықта ғасыр бойы өте көнеден қалған дәстүр өзгеріп, жаңғырып, өзгеше көрініс тауып отырады. Ғалымжан мырза, сіздің ойыңызша ұмытыла бастаған ең маңызды қазақтың дәстүрі қандай? Не себепті оны ел ұмыта бастады деп ойлайсыз?

— Біздің қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы барлығы да бір-бірімен ұштасқан. Ғасырдан ғасырға, атадан балаға мұра болып жалғасып келеді. Мен жалпы өзімнің қазақ екеніме өте қуанамын. Өзімді сол үшін бақытты сезінемін. Біздің қазақтың әрбір салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпында өте үлкен мән бар. Қоғам жаңарған сайын, заманауи технологияның әсерінен болар біз ұлттық құндылықты дәріптеуді азайтып барамыз. Бұл өте дұрыс емес үдеріс. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген біздің ата-бабамыздың өте керемет сөзі бар. Мемлекетті құрайтын да, мемлекетті жойып құртып жіберетін де адам баласы. Сондықтан біздің ата-бабамыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Бүгінгі күнге жетпей, ұмытылған біздің біраз дәстүріміз бар. Ол – отбасына байланысты.  Отбасындағы бала тәрбиесі өте маңызы нәрсе. Мысалы, «Қызға қырық үйден тыйым» дегенімен, қазақ қыз баласын ерке өсірген, «Қонақ» деп төрінде сыйлаған. Себебі қыз «Жат жұрттық» дейді. Ол басқа әулеттің түтінін түтетіп ұрпағын жалғастыратын болашақ ана. Әйелдің қадірі ерекше болған. Қазіргі жалғызбасты ананың ұл-қызымен өз бетінше тірлікпен алысып жүргені өте өкінішті жағдай. Жесірін жалғыз қалдырмаған, жетімін жылатпаған қазақ халқы өмірдегі түрлі жағдаятқа қарай әйелді де, оның баласын да бауырына басып, сол әулеттің ағайынына қосқан. Сол әулеттің немересінен қол үзіп, хат-хабар алмай, қазіргідей қарайласпай жат болып кетпеген.

Әмеңгерлік дәстүрінде сол әулетке әйелді қалдырып, ал баласын өгейсітпей өз туысының қасында қалдыру үшін жасалған өте маңызды дәстүр болған. Сонда күйеуі қайтыс болған әйел өз жұртына, я басқа бір жұртқа барса баланың психикасына бұл жағдай ауыр салмақ түсіретіні анық. Дамыған мемлекетке еліктейміз. Рас, заманауи технология, ғылым жағынан аларымыз көп. Дегенмен дәл осы ұлттың руханияты, салт дәстүрі мен құндылығын дәріптесек, біз өркениетті мемлекет болар едік. Отбасы тәрбиесіне өте қатты мән беру керек. Отбасындағы әкенің рөлі, ана, бала, қыз баланың тәрбиесі секілді дүние қалыс қалып барады. Жан бағу үшін ертеден қара кешке дейін жұмыста болатын ата-ана отбасына аз көңіл бөледі. Бұл өте дұрыс емес. Қазақ халқы бала дүниеге келгеннен бастап оған «Бесік жыры» айтылып, елдің азаматы болуға тәрбиелеген. Кішкентай кезінен еңбекке баулып, әке-шешесі ғана емес бүкіл ауыл болып тәрбиелеген.

Осы жерде тағы бір айта кетерлігі, халқымыз бүкіл ауыл болып араласқан, туыс, ағайын, жекжат қонақ болып, жүздесіп, араласып тұрған. Қазіргідей той-томалақ пен өлімде ғана емес, қаны тартып алыс ағайынды да құшақ жая қарсы алған. Бала тәрбиесіне көңіл бөлу жайлы мынадай сөз бар: «Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» деп. Үйіне қадірлі, көпті көрген, болмаса ер жүрек адамды шақырып, баласына үлгі болсын, бір әңгімесі болмаса басқасы құлағында қалсын деп шақырып отырған. Данакөз қарияның айтқан өнегелі сөзі баланың құлағында қалып, ер жеткенде оның адамның болмысына, құндылығының толықталуына тікелей әсер еткен.

— Бала тәрбиесінде айтылатын қандай тыйымдарды қазіргі кезде өте өзекті деп санайсыз?

— «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөз бар. Бала кезімізден бізге жақсы сөз сөйлеуді үйрететін. «Жоқ» деген сөзді айтқызбайтын. «Жоқ деген сайын жоғалады» дейтін. Қазір адам қайтыс болғанда «Иманды болсын» дейді. Бала кезімде оны естімедім. Қазақ «Иман байлығын берсін» деп тірі адамға айтады. Ал қайтыс болған адамға «Алла алдынан жарылқасын», «Қазаның арты қайырлы болсын», «Бекем бол» деп жұбатып, сөз сөйлеген. Қазіргі кезде көбінің «Шал», «Кемпір» деген сөзді қалай болса солай айта салғанын көреміз. Бұл сөздің де мағынасы негізінде өте ауыр. Көшеде жүрген оқушы баланың боқауыз сөйлеуі де өте жаман көрінеді. Біз бала кезімізде боқауыз сөз сөйлей қалсақ, тыйып отыратын. Үйде әкеміз бен анамыз, мектепте ұстазымыз тыйып отыратын. Баланы кішкентай кезінен жақсы сөз сөйлеуге тәрбиелеу қажет.

Фото: Ғалымжан Керімбек

Қазіргі кезде отбасында әкенің рөлі қалмаған. Әкенің мысы болуы керек. «Әкең білмесін», «Әкең естімесін» деп әкені жоғары қойып отыруымыз керек. «Әке тұрып бала сөйлегеннен без, аға тұрып іні сөйлегеннен без» деген қазақтың осы секілді әдеті жайлы өз кітабымда жаздым. Баланың арасы бір жас болса да «Аға», «Әпке» деп үйрету керек. «Сіз» деп сыйласып өссе, кейін бір-біріне мейірімі оянып, құрметі артады. Жас келін түскенде де «Ата», «Апа» деп атауды, ал немереге «Ата», «Әже» деп үйрету керек.

«Білім ғылымына емес, өмір салтына еліктейміз...»

— Қазіргі қоғамның дәстүрден алыстауына не себеп болды деп ойлайсыз?

— Дәстүрдің ұмытылып бара жатқанына бір жағы әлеуметтік желі дамып, Еуропа, АҚШ сияқты басқа елдің мәдениетінің жаппай таралып, жаһандану үдерісі жүріп отырғаны әсер етті.  Өкініштісі сол, біз өркениетті елдің білім мен ғылымына қарағанда өмір салтына көбірек қызығып, еліктеп кетеміз. Орда бұзар азаматтың кеш үйленіп, болмаса үйленсе де ұрпақ тәрбиесіне селқос қарауы осы еліктеуден шығып отыр.

— Дәстүр заманға сай өзгеруі керек пе, әлде оны бастапқы қалпында сақтау маңызды ма? 

— «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген қазақта нақыл бар. Жүз жыл деген бір ғасыр ғой. Заман өзгерген сайын салт-дәстүр де түрленіп, жаңғыруда. Заман өзгерді екен деп дәстүрдің бәрін ысырып тастай алмаймыз. Бүгінгі қоғамға  қарай кейбір дәстүрді жаңғыртуға болады.  Бұл жөнінде мен өзімнің «Бақытты ғұмыр» деген кітабымда атап өттім. Рас, ескірген, қазіргі қоғамға қажеттілігі аз дәстүріміз де бар. Бірақ, біз атадан ұрпаққа жалғасатын, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықты дәріптеп отыруымыз қажет. 

Дамыған мемлекет қазір әлеуметтік желіден бас тартып, осы ұрпақ тәрбиесіне көңіл аударып отыр. Мысалы, Жапонияны алайық. Желінің, жаңа технологияның дамығаны сонда осы отбасы институты құлдырап, ұлт руханиятың жұтаңдауына әкелді. Менің ойымша, әлеуметтік желіні пайдаланғанда отбасына қажетті ақпаратты, адам өміріне пайдалы деректі беруіміз керек. 

— Егде тартқан кісілердің арасында қандай дәстүрлер ұмытылып барады деп санайсыз?

Қарияның арасында бата беру де қазір қалып барады. Көп кісі бата бере алмайды. Мен өзім ас ішкенде сол батаны беріп, ақ ниетті айтып, шаңыраққа құт қонуын тілеп отырамын. Үйдегі немереме тамақ ішкенде телефон қарамау, тамақ ішердің алдында және ішіп болғаннан кейін қолын жуғызу т.б. әдетті үйретіп отырамын. Бұның бәрі отбасында берілуі қажет тәрбие. Қазіргі жастың арасында ауру көбейіп кетті. Әлсіздік көп. Экология деп айтылады. Дегенмен соның бір себебі жеген тамағымыздан болып отыр. Тамақ ішкенде бар назарды сол тамаққа аудару қажет. Осы секілді қарапайым нәрседен басталатын отбасындағы тәрбие өте маңызды. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз бар. Экономика деген сөздің өзі «үй шаруашылығын басқару» деген мағынаны білдіреді. Бұл экономика отбасынан басталады деген сөз. Қарапайым нәрседен бастап аса маңызды құндылыққа дейін бәрін отбасында үйретуіміз қажет. «Судың да сұрауы бар» деп дайын суды бекерге ағыза бермеуді, жарықты үнемдеуді, телефонды уақытылы қолдану, кітап оқу, үйірмеге қатысу т.б. әдетті балаға үйрету қажет.

«Той жасағанда астамшылдыққа бой алдырмау керек»

— Қазіргі той мәдениеті, беташар, қыз ұзату сияқты салттардың шоуға айналып кеткені жиі айтылады. Сіздің ойыңызша, қазіргі тойларда қандай кемшіліктер бар?

— Дәстүрге сай той өткізу, қыз ұзату, үйлену тойын жасау – бірінші кезекте біздің ұлттық құндылықты көрсетеді. Менің екі келінім бар. Екі рет той жасадым. Қазіргі кезде қоғамда той жасағанда даңғаза мен дабыра үшін артық шашылып, ысырапшылдыққа бой алдыратын өте көп. Қытайдың арзан затын алып Тойбастарға қоятын да бар. Мен екі тойда да кітап қойдым. Адамның санасы өзгеруіне көмектесетін жақсы-жақсы кітапты ұсындым. Арзан шапанды да жабады. «Орамал тон болмайды, жол болады» десек те, ол шапан қолдан қолға өтіп кетеді, ал кітап бағалы дүние болып қалады. Кітап сыйлау, кітап беру, тойбастарға құнды зат қою, адам өмірінде ұзақ пайдаланатын пайдасы бар затты қойған дұрыс. Мәселен, тойбастарға шоколад қояды. Сыртына жазу жазғызып арнайылап қойған шоколадтың өмірі бес-ақ минут болуы мүмкін. Мұндай ысыраптың алдын алған дұрыс. 
Сосын тойға танымал әнші шақыру үшін шашылады. Бұл елдің алдындағы «абырой» деп ойлауы мүмкін. Дегенмен бұл жай ғана атаққұмарлық. «Той деген – халықтың қазынасы». Яғни, шама-шарқына қарай әншіні шақырып, келген әншіге өзіміздің көңілімізден шығатын ақысын беруіміз керек. Сол кезде той өзінің дәрежесінде өтті деп айтуға болады. 

— Қазіргі кезде бала тәрбиесінде ата-аналар нені ескеруі қажет деп санайсыз?

Баланы жас кезінен еңбекке баулу керек. Одан кейін баланың телефон қарайтын уақыты болмауы тиіс. Бала кезінде әр түрлі үйірмеге қатыстырып, оның қызығушылығын анықтау қажет. Өсе келе ұнатқанын өзі таңдап, сол жолға өзі түседі. Баланы үнемі қадағалап, білім алуына, әр түрлі кәсіптің түрін меңгеруге баулуымыз керек. Білімге аса көңіл бөлу керек. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген сөзде үлкен мән бар. Сондықтан баланың білім алуы өте маңызды. Компьютер клубында ойын ойнап жүретін жас өте көп. Басында «ойна, күл» деп ата-анасы жіберетін шығар. Бірақ бала қызығып, тек соның соңына түсіп кетуі де мүмкін.

«Жексенбіні отбасына арнайтын күн ету қажет»

— Қазіргі әлеуметтік желілер дамып, жасанды интеллект шыққан заманда ұлттық болмысымызды жоғалтпай, салт-дәстүрлерді келесі ұрпаққа жеткізу үшін қазақ қоғамы қандай қадамдар жасауы қажет деп санайсыз?

- Меніңше ұлттық құндылық пен отбасылық тәрбиеге байланысты еңбек жазып, көптеген кітап шығару қажет. Сонымен қатар өте маңызды нәрсе қазақ тілінде көрсетілетін мультфильм, оның тілінің тұнықтығы маңызы. Онда ұлттық бояу, ұлттық болмыс болуы тиіс. Қазіргі кезде менің де немерем шетелдің мультфильмін көріп, шетелдің қаһарманын айтады. Соның орнына өзіміздің қазақтың жасаған қаһарманы болса, ұлттық тәрбиені дәріптейтін ертегіден алынған заманауи анимация болса деп күтеміз. Ертөстік, Алпамыс секілді батырдың қалыптасуы, күресі, ер жетіп азамат болуы секілді ежелгі ертегі мен жырдан түрлендіріп жасалған анимацияны көбейту қажет. Бұл тек балаға ғана емес, ересек үшін де маңызды нәрсе. Сондай-ақ осы бағытта кино түсірілуі қажет. «Жаужүрек мың бала», «Алмас қылыш» секілді керемет фильм түсірілсе. Кезіндегі «Қыз Жібекті» әлі күнге сүйсіне көреміз. Себебі онда қазақтың «иісі» бар, болмысы бар. «Менің атым Қожа», «Алпамыс» фильмін де қызыға көретін едік. Сондай отбасылық құндылықты дәріптейтін мультфильм мен фильмді көбейту қажет деп санаймын. 
Сосын БАҚ-та да, әлеуметтік желіде де ұлттық тәрбие мен болмыстың мәні жайлы ақпаратты көбірек салу қажет. Бұл бүтін бір қоғамға әсер ететін игі іс болар еді. Мен өзімнің «Бақытты ғұмыр» кітабымда мемлекет басшысына бір ұсыныс жасап отырмын. Әр жексенбіні отбасы күні деп санау керек. Сол күні ешқандай той, жиын жасамауы керек. Яғни, сол күні әрбір ата-ана отбасына көңіл бөліп, қыдырып, саяхаттап, көңіл көтеруге арнауы қажет. Мен Еуропада болғанда ондағы азаматтың жұма күні кешке телефонды өшіріп, басқа елге отбасымен бірге саяхаттап кететінін байқадым. Сол секілді біздің елде де аптасына бір күнде сондай отбасына арнайтын күн ету қажет. Жексенбі онсыз да демалыс. Алайда той-жиын, ас секілді, болмаса жұмыс секілді басқа шаруамен айналысып кететініміз бар. Осылай біз отбасылық құндылықты дәріптеуіміз қажет.

— Сұхбатыңызға рахмет!