Әр үйге газ: Қазақстан бұл межеге қашан жетеді?

Qaz365.kz редакциясы

Елдегі газдандыру жұмысына соңғы жылдары айтарлықтай ден қойылғанмен, түйткіл көп

 

Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Еліміздің біраз өңірі қыс маусымында экологияға зиянды қалдықтар шығаратын көмір жағып отыр. Себебі, газдандыру мәселесін қолға алсақ та, жоспардағыдай жүзеге аспай келеді. Жоспар бойынша, 2025 жылға қарай елімізді көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесі 62 пайызға  орындалыпты. Бірақ газдың өзі тұрмақ, құбырының ауылы алыс елді мекендер жеткілікті, деп хабарлайды Qaz365.kz.    

Басқа өңірлермен салыстырғанда, еліміздің солтүстігі мен шығысын газдандыру саясатын тиімді жүргізу басты назарда. Себебі алғашқы жылдары бұл шаруа негізінен батыс өңірлермен ғана шектеліп қалды. Осылайша, табиғи газға жақын Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысы тұрғындары көгілдір отынның игілігін ерте көре бастады. Ендігі кезекте республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны мақсатты пайдалану арқылы газдандыру ісін кезең-кезеңімен әрі қарай жүргізіп, жаңа магистраль салу жұмысы жалғасын таба бермек.

Бұл тұрғыда Сарыарқа магистралды газ құбыры жобасы қабылданып, солтүстік пен орталық өңірге көгілдір отынды әкелуге септігін тигізуде. Мұның нәтижесінде Астана қаласы мен іргесіндегі елді мекендер табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Жоба бірнеше кезеңнен тұрды. Әуелі газ магистралды құбырлары тартылып, өңірлерге жеткізу жағы қарастырылды. Содан кейін инфрақұрылым жұмыстары, яғни тарату желісі, газ станциялары мен қосалқы нысандар салу мәселесі реттелді. Ең соңында тұрғын үйлер мен елді мекендер газ құбырларына тікелей қосылады. Бір айта кетерлігі, бұл ауқымды жобаға қаражат республикалық бюджеттен бөлек, ұлттық компаниялар мен инвестицияның есебінен бөлінді. Сондай-ақ, субсидиялау арқылы тұрғындарға да арнайы жеңілдік қарастырылды. Ал енді «Бұл іс неге баяу жүріп жатыр?» деген заңды сұрақ туатыны сөзсіз. Оған бірнеше себеп бар. Бірінші, әсіресе солтүстік пен шығыстағы елді мекендер бір-біріне жақын орналаспаған. Арақашықтық пен халық тығыздығының төмен болуы – газ құбырын тарту шығынын да көбейтеді. Екінші, жергілікті инфрақұрылымды дамытуға инвестиция көлемін арттыру керек. Үшінші, кей өңірде халықтың газ тұтыну деңгейі жоғары болмаған соң мұндай жобалардың кейбірі ұзаққа созылып әрі өзін ақтай бермейді.  

 Елдегі өңірлерді көгілдір отынмен қамтудың түпкі астарында не тұр? Әрине, қоршаған ортаны, экологияны қорғау мәселесі де біртіндеп шешілуі тиіс. Бұл, ең алдымен, халықтың денсаулық жағдайын жақсартып, өмір сүру барысын жеңілдете түседі. Одан бөлек инфрақұрылым дамытуға жергілікті ұлттық компаниялар мен жеке инвесторларды тарту маңызды.

Республика бойынша жүргізіліп жатқан газдандыру мәселесіне қатысты энергетика саласының сарапшылары бұл тек техникалық жоба ретінде емес, ұзақ мерзімді ұлттық саясаттың бір бөлігі екенін айтады. Сарапшы Ерлан Сейітов елдегі газдандыру жұмысына соңғы жылдары айтарлықтай ден қойылғанмен, түйткіл көп дейді.  

«Көгілдір отынмен қамту жұмысы жүріп жатыр. Магистральдық құбырлар тартылса да, ішкі инфрақұрылым дамымай отыр. Ауылға жетіп тұрса да, халық түгел үйіне кіргізе алмауда. Себеп – қосылу құны кей тұрғынның қалтасына салмақ», – десе, осы саланы зерттеуші Данияр Қасымбаев та жергілікті халықтың газға қосылуы үшін мемлекет тарапынан нақты әлеуметтік қолдау шаралары қажет деп санайды.  

Демек, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, экологияны жақсартып әрі халықтың тұрмыс сапасын ілгерілететін газдандыру саясаты ұтымды әрі оңтайлы жүргізілгені абзал.