Инклюзия жолындағы нақты қадамдар: Талғар тәжірибесі

Qaz365.kz редакциясы

Қазақстанда кейінгі бірнеше жылдың бедерінде ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау, олардың қоғамға толыққанды араласуына жағдай жасау және инклюзияны дамыту бағытында кешенді әрі жүйелі іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар тек әлеуметтік қолдаумен шектелмей, білім беру, денсаулық сақтау және психологиялық көмек көрсету салаларын да қамтып отыр. Осындай кешенді жұмыстардың маңызды бағыттарының бірі – психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар (ПМПК) қызметі болып табылады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алматы облысының Талғар ауданында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) 2003 жылдан бері тұрақты түрде, үздіксіз қызмет атқарып келеді. Біз Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі арқылы бірнеше сауал жолдап, аудандық ПМПК жұмысы туралы нақты әрі ресми мәліметтер алдық. 

Аталған мекеме балаларды кешенді тексеруден өткізіп, оларға  кәсіби тұрғыда жан-жақты кеңес береді. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктерін айқындап, тиісті білім беру бағдарламаларын анықтайды. ПМПК қызметінің маңызды бағыттарының бірі — мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау жүйесіне жолдау. 

Мекеме күніне орта есеппен 6–8 бала қабылдайды. Талғар ауданы бойынша жалпы бала саны 92 260. Қазір ПМПК да 1 949 бала тіркеуде тұр. 

ПМПК балалардың сапалы білім алуын қамтамасыз етуге, олардың жеке даму ерекшеліктерін ескере отырып, тиімді қолдау көрсетуге бағытталған маңызды әлеуметтік-педагогикалық міндеттерді жүзеге асырып келеді. 

⁠2025 жылы ОПМПК қызметі арқылы барлығы 705 балаға кешенді тексеру жүргізілді, оның ішінде 315 бала алғаш рет қаралды. Тексеруден өткен балалар контингентіне мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар толық қамтылды. 

Қорытынды нәтижелерге сәйкес, әрбір баланың жеке білім беру қажеттілігі ескеріліп, тиісті білім беру бағдарламалары ұсынылады. Атап айтқанда, жалпы білім беру бағдарламасы, бейімделген білім беру бағдарламасы және жеке білім беру бағдарламасы белгіленеді. 

Осылайша, жүргізілген жұмыс балалардың даму ерекшеліктерін ескере отырып, оларға тиімді әрі қолжетімді білім беру жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталды. 

МПК қорытындысы берілген балалар әрі қарай кешенді қолдау алу мақсатында тиісті мекемелерге жолданады. Атап айтқанда, олар мемлекеттік психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне, жеке «Ақжол» реабилитациялық орталығына, «Аяла» мемлекеттік түзете-дамыту орталығына (әлеуметтік қорғау мекемесіне қарасты), сондай-ақ Алматы қаласындағы жеке түзету орталықтарына және «Асыл Мирас» аутизм орталығына ұсыныс беріледі. 

Аудан тұрғындары ПМПК туралы ақпараттарды әлеуметтік желілерден, атап айтқанда Facebook және Instagram парақшаларынан ала алады. Онда ПМПК қызметінің бағыттары, көрсетілетін көмектер, балалардың даму ерекшелігі туралы ақпараттық материалдар тұрақты түрде жарияланады. Бұл ата-аналардың қажетті мәліметтерді оңай әрі тез алуына мүмкіндік береді. . 

Сонымен қатар, ПМПК мен аудандық аурухана арасындағы ынтымақтастық туралы келісім негізінде амбулаториялық деңгейде 0–5 жас аралығындағы балаларға ерте скрининг жүргізіледі. Скрининг нәтижесіне қарай балалар психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациядан өткізіліп, олардың дамуындағы ерекшеліктерді ерте анықтауға және уақтылы түзету жұмыстарын ұйымдастыруға жағдай жасалады. 

Оған қоса білім беру ұйымдарында (мектепке дейінгі ұйымдар мен жалпы білім беретін мектептерде) ата-аналар мен педагогтарға арналған кездесулер, семинарлар, түсіндіру жұмыстары және «Ашық есік күндері» ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар барысында ПМПК қызметінің маңызды түсіндіріліп, ата-аналарға балалардың дамуын қолдау бойынша әдістемелік кеңестер беріледі. 

Аталған жұмыстардың барлығы балалардың жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге, ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте кезеңде анықтауға және қоғамның хабардарлығын арттыруға бағытталған. 

Ауданда білім басқармасына қарасты бір психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, сондай-ақ жеке меншік орталықтар жұмыс істейді. Олар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолжетімді әрі сапалы түзету-дамыту қызметін көрсетеді. 

 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында 163 балаға консультация жасалды, олардың 157-сіне ПМПК қорытындысы берілді.

Аудандағы ⁠ПМПК өкілдері ата-аналарға төмендегідей кеңес береді:  

Егер ата-ана бала дамуында қандай да бір ерекшелік байқаса (атын атағанда қарамаса, тілі шықпаса, қарым-қатынас дағдылары кешіксе және т.б.), уақыт оздырмай тиісті мамандарға жүгінген жөн. Ерте басталған түзете-дамыту жұмысы баланың әлеуетін ашуға және оның толыққанды дамуына тиімді жағдай жасайды. 

Талғар қаласындағы түзете-дамыту орталықтарының бірі – «Dani kids» 2023 жылдың қараша айынан бері ерекше балалармен жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде орталық көптеген баланың дамуына ықпал етіп, ата-аналардың сеніміне ие болған. 

Қазір орталықта логопед, дефектолог, АФК нұсқаушысы, сенсорика маманы, нейропсихолог және әкімшілік қызметкерлер жұмыс істейді. Мұндағы мамандардың өз саласында тәжірибесі мол әрі 3 ай сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Балалардан бөлек олардың   аналарына  психологиялық қолдау ретінде тренинг семинарлар өткізеді.    

Орталық ПМПК мен невропотолог маман қорытынды берген  ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қабылдайды. Атап айтқанда, сөйлеу тілінде бұзылысы бар, психикалық дамудың тежелуі, аутизм спектрінің бұзылыуы, зейін тапшылығы және гиперактивтілік синдромы, психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі,  даун синдромы, балалардың церебральды параличі, басқа да даму ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істейді. 

Ай сайын шамамен 30- 40 балаға қызмет көрсететін орталықта, әр балаға жеке түзете-дамыту бағдарламасы құрылып, соған сай жұмыс жүргізіледі.

2021 жылы туған ұлы Асылдың 2 жасқа келсе де адам көзіне  қарамайтынын, атын атаса елемейтінін, бір жерде тұрақты отыра алмайтынын байқаған Айдана есімді ана алғаш бұл орталыққа баласын тегін диагностикаға алып келген. Орталық мамандары психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі (ЗПРР) симптомдарын көріп тұрғанын  түсіндіріп, невропотологтың қабылдауына жібереді. Невропотолог та орталық мамандары берген қорытындыны растаған. «Dani kids» мамандары бірден Адаптивті дене шынықтыру жаттығуларын (АФК) бастаған. Арада бір ай уақыт өткенде  балада өзгерістер бола бастапты. Анасының айтуынша бала атын атағанда қарап, денесін сезіне бастаған.  

Құлап немесе бір жерін ұрып алса мән бермейтін ұлым енді ауырған жерін нұсқап жылайтын болды. Көзге қарайтын болды, зейіні тұрақтала бастады. Бір ойыншықпен 2-3 минуттан көп уақыт ойнауға көшті. Кейін нейро, сенсорика, қолданбалы мінез-құлықты талдау (АВА) сабақтарын қосқан соң балам мама, папа, бер деген сөздерді айта  бастады.  

Қазір баламның түсінігі толық қалыптасқан, бала бақшаға барамыз, өзіне-өзі қызмет жасай алады. Сөйлейді, зейіні тұрақты, денесін және қоршаған ортаны толық сезінеді. Қалыпты балалардың қатарындамыз!  

«Dani kids» орталығының мамандары тек балалармен ғана емес,  ата-аналармен де тікелей психологиялық, педагогикалық жұмыстар жүргізеді. Түрлі тренингтер мен кездесулер, сұхбаттар ұйымдастырып, үй жағдайында жасалатын түрлі жаттығуларды үйретеді   

Орталық басшылығы мен ұжымына отбасымыздың атынан зор  алғыс айтамыз, – дейді.   

Орталық жетекшісі Бахтигүл Данабекқызы бірнеше жыл мектепте мұғалім болып, кейін балабақшада меңгеруші қызметін атқарған. Балалармен жұмыс істеудегі мол тәжірибесі, ерекше балалар алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі оның осы орталықты ашуына түрткі болған. Қазір  Бахтигүл ханым әлеуметтік кәсіпкер статусын алып, қызметкерлерге субсидия тапсырып, қайтарымсыз грантқа үміткер ретінде тіркелуге өтініш жолдап қойған. 

Мемлекеттің мұндай кәсіп иелеріне әлеуметтік кәсіпкер статусын беруі қоғамдағы инклюзияны дамытуға кең мүмкіндік ашып, кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар бастамаларға белсенді түрде тартуға ықпал ететіні анық.