Зейнетақы төлемдері 20%-ға төмендей ме: Еңбек министрлігі түсініктеме берді

Qaz365.kz редакциясы
gov.kz

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желілерде тараған «зейнетақы төлемдері 20%-ға төмендейді» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ведомствоның хабарлауынша, бұл жалған мәліметтер deepfake (жасанды интеллект көмегімен дауыс пен бейнені өзгерту) технологиясы арқылы жасалған видеороликтер арқылы таратылуда.

Министрлік ынтымақты зейнетақы төлемдерін азайту туралы ешқандай шешім қабылданбағанын, керісінше, биылғы 1 қаңтардан бастап базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері Ұлттық банктің инфляция болжамына сәйкес 10%-ға артқанын еске салды. Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап бес жыл бойы ең төменгі базалық зейнетақыны күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ал ең жоғарғысын 120%-ға дейін кезең-кезеңімен көтеру жұмыстары жүріп жатыр.

Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, ең төменгі базалық зейнетақы 35 596 теңгені құраса, ең жоғарғы көрсеткіш күнкөріс деңгейінің 118%-ына жетіп, 60 005 теңге болды. Ресми орган азаматтарды тек сенімді дереккөздерге сүйенуге шақырып, көрінеу жалған ақпарат тарату заң алдында жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.