Қай ғасырда болмасын ұлттың идеологиясына және әуелде оянуына бірінші кезекте зиялы қауымның, әсіресе ақын-жазушылардың ықпалы ерекше болды. Қазіргі жаһандану кезеңінде ұлттық болмыс, патриотизм және рухани құндылықтар мәселесі бұрынғыдан да өзекті.
Осы тақырып аясында Qaz365.kz редакциясы қазақ әдебиеті мен журналистикасында ұлттық идеяны көтерген, тәуелсіздік рухын жырлаған жазушы, қоғам қайраткері Жұмаш Кенебай-Көкбөрі мырзаның ой-пікірін білді.
Жұмаш Кенебай-Көкбөрі — қазақ қоғамында ұлттық рух пен тіл, тарих мәселесін көтеріп жүрген ақын, тележурналист және қоғам қайраткері. Қазірдің өзінде ол еліміздің шалғай аудандарындағы жиындарға қатысып, ел тарихы мен мәдениеті жайлы сөз сөйлеп жүр. Айта кету керек, ол 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы алғашқылардың бірі болып «Зобалаң» дастанын жазған қаламгер. Жұмаш Кенебай тек әдебиетте ғана емес, журналистика мен қоғам өмірінде де белсенді болды. Ол тәуелсіздік жылдарының басында «Азат», «Алашорда» сияқты саяси басылымдарда жұмыс істеп, ұлттық идеяны насихаттады. Тележурналист ретінде «Түрік даналары», «Тұлпардың тұяғы» секілді бағдарламалар арқылы Түрік әлемі мен Алаш қайраткерлерін танытты.
— Жұмаш аға, өз буыныңыз бен қазіргі жастардың бойындағы ұлтжандылық жайлы не айтасыз? Заманауи технологиялар мен жаһандану жағдайында қазіргі қазақ жастарының патриоттық сезімі өзгеріп келе ме?
— Айып етпе, қарындасым, «ұлтжандылық» дегеннен гөрі «ұлтшылдық» деген дұрыс сияқты. Қай заманда да негізінен өз ұлтын жанындай сүйген жандардың жолы ауыр болғаны белгілі. Осыдан бір ғасыр бұрынғы «Алаш» серкелері: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат, Қошке Кемеңгерұлы, Жүсіпбек Айымауыт, Мағжан Жұмабай, Халел Досмұхамедов, Жаханшалар тағдырының немен аяқталғанын біз тарихтан жақсы білеміз. Айтпақшы, сол «Алаш» серкелерінің бірі Мағжан Жұмабайұлының мынадай өлеңі бар:
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Мен жастарға сенемін!».
Әйгілі жырының бүгінгі заман жастарына да арналғанын кім жоққа шығара алады? Қазақ елі тәуелсіздігінің қарсаңында өз ұлтын жанындай сүйген замандастарымның көп болғаны да рас еді. 1990 жылы құрылған азаматтық «Азат» қозғалысының: Сәбетқазы Ақатай, Михайыл Есенәлі, Марат Шорман және т.б. ұлт перзенттерінің суырылып алға шыққанын кім жоққа шығара алады? Мәселен, Батырхан Дәрімбет және мен екеуміз елдегі тұңғыш тәуелсіз саяси басылым «Азат» газетін шығарғанымыз, Орал казактарын ауыздықтауға, Семей полигонын жабуға қатысқанымыздың өзі бір хикая. Қазіргі 2026 жылғы қазақ жастарының арасында да өз ұлтын жанындай сүйетін жастарымыз баршылық. Олардың да суырылып алға шығатын күндері туатынына өз басым сенемін.
— Патриотизм деген сөзді сіз қалай түсінесіз? Сіз үшін патриот деген кім?
— Патриотизм дегеніміз — туған ұлтыңды жаныңдай сүю деген сөз. Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің Түрік жастарына арнап: «Сен Түрік жасысың. Туған ұлтыңа қалтқысыз адал қызмет етуің керек. Ал, бірақ, сол еңбегің үшін бірдеме дәметуің ұят. Өйткені сен сол ұлттың өкілі Түріксің!» деген сөзін өмір бойы басшылыққа алып келемін. Қазақ тарихында ешбір дабырасыз, ешбір қайтарымсыз-ақ ұлтына қызмет еткен ардақты ұлдар болған. Алаштықтардың бір-бір көсем болғаны, қазақ тілі мен елінің тарихына, мәдениетіне өз үлесін қосқаны тарихта тайға таңба басқандай тұр. Әрбір ғасырда елдің мүдесін ойлаған сайдың серке тасындай азаматтар болды. Тіпті ашаршылық пен соғыс елдің сүт бетіндегі қаймақтарындай азаматтарды әкетті деген күннің өзінде, кейінгі жылдары да ел үшін ерен еңбек сіңірген азаматтар болды. Мысалы, кеңес одағының кезінде қазақ тарихын қайта жазуда батылдық танытқан Ермұхан Бекмаханов бар. Халқының тарихын көрсетемін де ол да қуғынға ұшырады. Айта берсек, жастарға үлгі етерлік азаматтар көп. Солардың қай-қайсысы болмасын қандай қилы заманда да ел үшін ғылым жолында да, қайраткерлік жолында да қызмет етті. Қазіргі жастардың қандай қызметте жүрсе де адал болып, жеме-жемге келгенде ел мүддесіне қарай шешім қабылдауы үшін Алаштықтардан бастап жан аямай еңбек еткен азаматтарды үлгі ету керек. Мәнсап қумаса, атақ іздемесе, байлықтың соңынан қумаса, бар өмірін еліне арнаса, мұндай азаматтарды қалайша ұлтының мақтанышы деп атамаймыз?
Фото: Жұмаш Кенебай-Көкбөрі,
«Қазақстанның құрметті жазушысы», Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі,
халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты, «Құрметті қазақ журналисі», «Қазақ телевизиясының ардагері», ақын, қоғам қайраткері
— Жазушы ретінде ұлтжандылықты дәріптейтін, ұлтымыздың рухани құндылықтарын көрсететін шығармаларыңыз бар?
— Менің арғы ата-бабаларым Семей «Алашордасына» қатысқан, 1918 жылы атамекеніміз қазіргі Абай облысы Аягөз ауданы Ақшатау ауылының іргесіндегі Қалғұты деген елді мекенде тұңғыш мектеп ашқан жандар болған. Ол мектептің ашылу салтанатына Семейдегі «Алашорда» өкілдері: Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат, Жүсіпбек Айымауыт, Шәкәрім Құдайбердіұлы қатысып, ақ баталарын бергенін біздің елдің ақсақалдары аңыз ғылып айтатын. Туған атам Садық Кенебайұлының 1918–1932 жылдар аралығында қызылдарға қарсы күресін естіп өстім. Сондықтан ба екен жастайымнан ол кісілердің саяси жүйеге қарсы күрестерін біліп өстім. Ол туралы осыдан біраз жыл бұрын мемлекеттік тапсырыспен баспадан жарық көрген «Аягөз» атты тарихи романымда егжей-тегжейіне дейін жаздым.
Биыл 40 жылдығы аталып өткелі жатқан 1986 жылғы Алматыдағы әйгілі Желтоқсанға қатысып, елімізде алғашқылардың бірі болып, сол қанды қырғын туралы «Зобалаң» атты тарихи дастан жазып, ол 1990 жылы «Азат» газетінде жарияланып, іле-шала «Азаттық» радиосынан бір сағаттық радиоинсценировка болып әлем толқынын шарлағаны тағы да шындық. Алматы қалалық әкімдігінде марқұм Заманбек Нұрқаділовтің қарамағында мемлекеттік қызметте жүріп, «Алашорда» деген саяси газетті басқарғаным, ол басылымда түрік әлемінің ұлтшыл ақындары: Зия Гөкалып, Нихал Атсыз, Мехмет Акиф Ерсой және т.б. ақындардың ұлтшыл жырларын қазақшаға аударып, жариялап тұрғаным өз алдына бөлек әңгіме.
— Қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүріне деген жастардың мақтаныш сезімін ояту үшін қоғамға қандай қадамдар жасау қажет деп ойлайсыз?
— Қазақ жастарының бойына өз туған ұлтының асыл қасиеттерін сіңіру үшін, мектеп оқулықтарынан бастап, барлық білім ошақтарында оларды ұлттық көзқараста тәрбиелейтін оқулықтарды көптеп шығаруымыз керек. Қазақ қаламгерлерінің ұлттық тәрбие беретін шығармаларын кеңінен насихаттауды мемлекеттік деңгейге көтермей болмайды. Әдебиет — ұлттың жаны. Елдің көзін ашып, өз болмысын таныту — өте маңызды дүние.
— Қазіргі жастардың бойындағы ұлтына деген сүйіспеншілігі жайлы не айтасыз?
— Қаламгер болғаннан кейін жастармен неше түрлі кездесуге жиі қатысып тұрамын. Бір байқағаным қазақ жастары білімнің қай саласында болмасын өте ынталы екендігі. Әлемдік жарыстарда да үнемі жеңіс тұғырынан көрініп жүрген қазақша оқитын қазақ жастарын көріп, бір марқайып қалатыным тағы да рас. Маған қазіргі жастардың көзі ашық болғаны ұнайды. Оның үстіне ұлтының тарихын қастерлейтіні киген киімінен көрінетін жастар болады. Кейбірі ұлттық нақышты заманауи киіммен үйлестіріп киеді. Қазақ тілінде әдемі контент жасап жүрген жастар бар. Олардың қазақшалайық деген бастамалары мені қатты қуантады. Тілдің тазалығы мен ұлттық болмысты дәріптеп жүрген кез келген жасты көргенде риза боламын. Өңірлерге түрлі сапармен барғанда жастардың әдебиетке деген ынтасын байқаймын. Сонда кейбір жастар өлеңдерін оқып, домбырамен күй шертіп, қазақ тарихындағы батырлар жайлы жырларды оқып береді. Бұл қазіргі заманның жастарының ерекше ықыласын танытатын жағдай.
— Біздің тарихи деректерге қарап, бабаларымыз ұстанған әдеттерден, ар-намыс жайлы түсініктерден қазіргі жастарға үлгі етіп ұмыттырмай келесі ұрпаққа тапсыруға тиіс ең негізгі қасиеттер деп қайсыларын санайсыз?
— Қазақ ауыз әдебиетін, классик қазақ жазушыларының кітаптарын оқуға балаларға жол көрсетіп отыруымыз керек. Әлемдегі ең тілі бай ұлттардың бірі — біздің қазақтар екені тағы да ақиқат. Оған дәлел осыдан біраз жыл бұрын жарық көрген 100 томдық қазақ ауыз әдебиетінің өзі әлемдегі басқа ұлттардан озық тұрғанымызды көрсетпей ме? Асылы жас ұрпақты ұлттық негізде тәрбиелейтін ұлттық шығармалар екені рас қой...
— Қазақ халқының өз тарихын біліп, бірлікте болуы қазіргі геосаяси жағдайда қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?
— Осы қазір әлемде дүрбелең басталғаны өтірік емес. Таяу Шығыстағы Иран жағдайы, Еуропадағы азаттық үшін күресіп жатқан Украина халқының ерлігін жоғары бағалай отырып, тәуелсіз Қазақ елі жастарының осыдан сабақ алуын үнемі назарда ұстаған жөн сияқты. Біздің қазақ тарихы бір ғасырдай бұрмаланып келгені тағы да өтірік емес қой. Осынау ұланбайтақ жерді иемденген әрі бүгінге аман жеткізген ұлы бабаларымызға тағзым етуіміз керек! Бүгінгі қазақ жастарының «Мен Қазақпын!» деп асқақ қарайтын ер мінездерін көргім келеді!
— Сұхбатыңызға рахмет!