12 мыңға жуық бала «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасынан шығарылды

Qaz365.kz редакциясы
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда азаматтығын ауыстыруына байланысты 12 мыңға жуық бала «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатысушылар тізімінен шығарылды. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) Informburo.kz порталының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бағдарлама ережесіне сәйкес, Қазақстан азаматтығынан шыққан немесе оны жоғалтқан балалар мемлекеттік қолдаудан автоматты түрде айырылады.

Мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылы 3 148 адам, ал 2025 жылы 8 757 бала азаматтығын ауыстырған. Соның салдарынан олардың шоттарынан жалпы сомасы 2,4 млн доллар (2024 жылы 325,4 мың доллар, 2025 жылы 2,1 млн доллар) кері қайтарылды. Бұл қаражат бағдарламаның қалған қатысушылары арасында теңдей бөлінді. Нәтижесінде, бір балаға шаққандағы нысаналы талаптар сомасы 2024 жылы 129,38 долларды, ал 2025 жылы 130,71 долларды құрады.

Азаматтықтан бөлек, бағдарламадан шығарудың тағы бірнеше себебі бар. БЖЗҚ ақпараттық жүйелерде туған жылы қате көрсетілген (мысалы, 2006 жылға дейін туғандар) немесе қайтыс болу фактісі тіркелген тұлғалардың да тізімнен алынатынын ескертті. Қайтыс болған қатысушының жинақталған қаражаты мұрагерлік заңнамаға сәйкес туыстарына беріледі. Бұл жағдайда мұрагерлер ақшаны кез келген мақсатқа жұмсай алады, яғни нысаналы пайдалану талабы алынып тасталады.

Қазіргі уақытта Ұлттық банк бағдарлама аясында жиналған қаражатты отбасы ішінде кіші бауырлары мен қарындастарына беру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл тетік жүзеге асса, отбасы мүшелеріне жинақты білім алу немесе баспана жағдайын жақсарту үшін біріктіріп пайдалануға жол ашылмақ.