Қазақстанда бала туу көрсеткіші төмендеп жатыр: Сарапшылар дабыл қағуда

Qaz365.kz редакциясы
Ашық дереккөзден

Қазақстанда бірнеше жылдық өсімнен кейін бала туу көрсеткішінің айтарлықтай төмендегені байқалды. Статистикалық мәліметтер елдің жалпы демографиялық көрінісіне әсер ете бастаған тұрақты төмендеу трендінің қалыптасқанын көрсетеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы туу көрсеткіші тарихи максимумға жетіп, 446,5 мың сәби дүниеге келген болатын. Алайда содан кейін көрсеткіш біртіндеп төмендеп, 2025 жылға қарай туу саны 335 мыңға дейін азайды. Бұл – соңғы 15 жылдағы ең төменгі көрсеткіш.

Жағдай 2026 жылы да күрделене түсуде. Алғашқы екі айда небәрі 48 мыңға жуық бала тіркелді. Егер осы динамика сақталса, жыл соңына қарай ел антирекордты жаңартуы мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, туу көрсеткішінің төмендеуіне кешенді факторлар әсер етіп отыр.

«Мәселе әлеуметтік-экономикалық факторларда болуы мүмкін. Мысалы, Астанада мектептер жиі толып кетеді, мемлекеттік балабақшаларда кезек көп, ал жекеменшік балабақшалар айына 100–300 мың теңге тұрады. Мұндай жағдайда балалы болу туралы шешім қабылдау қиындай түседі», — деп есептейді аналитика және экономика саласының сарапшысы Қанат Оспанов.

2023 жылы Қазақстан халқының саны алғаш рет 20 миллионнан асқанына қарамастан, кейінгі өсім іс жүзінде тоқтап қалды. Бүгінде халық саны шамамен 20,5 миллионды құрайды, бұл демографиялық стагнация (тұралап қалу) кезеңінің басталғанын білдіруі мүмкін.

Сарапшы сонымен қатар бұл үрдісті «демографиялық шұңқырмен» байланыстырады.

«Қазіргі төмендеудің бір бөлігі 90-жылдардағы дағдарыспен байланысты болуы мүмкін. Сол кезеңде дүниеге келген ұрпақ қазір нағыз репродуктивті жасқа келді. Егер ол кезде бала аз туылса, демек бүгінде әлеуетті ата-аналардың саны да аз, бұл табиғи түрде жалпы статистикаға әсер етеді», — дейді маман.

Бұл трендтің жалғасуы алдағы уақытта еңбекке қабілетті халықтың азаюына және әлеуметтік қолдау жүйесіне түсетін салмақтың артуына әкеп соқтыруы мүмкін. Мамандар демографиялық дағдарыстың тереңдеуіне жол бермеу үшін отбасыларды қолдау мен бала тууды ынталандырудың шұғыл шараларын қабылдауға шақырады.