Қазақстандық балаларға Tik-Tok пен Instagram-ға тыйым салына ма?

Qaz365.kz редакциясы
Getty Images

Қазақстан Үкіметі балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы 3 сәуірде Сенат кулуарында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Министрдің айтуынша, бұл мәселе қазіргі уақытта қоғамда белсенді талқылануда, алайда нақты құқықтық шешім әлі қабылданған жоқ.

«Біз бұл мәселені жан-жақты талдап жатырмыз. Кез келген қадам жасамас бұрын барлық тәсілдерді мұқият зерделеп, соған сәйкес шешім қабылдау қажет», – деді Жасұлан Мәдиев.

Ол сондай-ақ қазірдің өзінде ата-аналарға смартфондардағы «Ата-ана бақылауы» (Parental Control) функциясын пайдалану арқылы балаларының желідегі белсенділігін өз бетінше шектеуге құқылы екенін еске салды.

Бұған дейін, 2026 жылғы 6 ақпанда Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов та осы тақырыпқа қатысты пікір білдірген болатын. Оның айтуынша, егер мұндай шектеулер енгізілсе, ол бұрыннан тіркелген аккаунттарға әсер етпеуі мүмкін. Негізгі назар жаңа қолданушыларды тіркеу ережелерін қатаңдатуға аударылмақ.

Айта кетейік, соңғы уақытта Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы кибербуллинг және зиянды контенттің таралуына байланысты әлеуметтік желілерге бақылауды күшейту туралы бастамалар жиі көтеріліп жүр. Үкімет бұл мәселеде халықаралық тәжірибе мен қоғамдық пікірді тең ұстауды көздейді.