Шығыс Қазақстанда туризмді дамытудың ауқымды жобалары қолға алынбақ

Qaz365.kz редакциясы

Туризмді дамыту төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саировпен және «Aitas» холдингінің өкілдерімен Катонқарағай, Шемонаиха және Ұлан аудандарының даму мәселелері мен тұрақты даму стратегиясы бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Аталған аумақтардың экономикалық дамуына елеулі әсер етуі мүмкін болашағы зор жобалар талқыланды.


Туризмді дамыту үшін бизнес өкілдері тартылып жатыр. Компаниялар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жобалар әзірлеп, оларды жүзеге асыруда.

"Бұл кешенді даму тәсілін білдіреді, оның ішінде қонақ үйлер желісін құру, заманауи қонақ үйлер салу, туристік инфрақұрылымды, байланыс пен сервисті дамыту көзделген. Ең маңыздысы – тепе-теңдікті сақтау, яғни туризмді де, ауыл шаруашылығын да қатар дамытуға басымдық беріледі. Ұсынылған стратегия әлі де жан-жақты пысықтауды қажет етеді, алайда қазірдің өзінде ауданның экологиялық және ішкі туризмді дамыту әлеуеті жоғары екені анық”, – деп жазды өңір басшысы.

Облыс басшысының айтуынша, туризмді дамыту төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады: Катонқарағай және Үлкен Нарын – сауықтыру және табиғи туризм, Марқакөл және Зайсан – экологиялық туризм, Риддер және Алтай – тау шаңғысы және белсенді демалыс, Өскемен, Таулы Үлбі және іргелес аумақтар – демалыс күнгі туризм.

"Қазіргі уақытта өңірде туризмді дамыту бойынша мастер-жоспар әзірленуде. Біздің міндетіміз – кәсіпкерлер бастамаларын облыстың жалпы даму стратегиясымен тиімді үйлестіру және тұрғындар үшін нақты әрі өлшенетін нәтижелерге бағытталған тұрақты экономикалық өсім моделін қалыптастыру”, – деді Нұрымбет Сақтағанов.