Алматыда экс-директор мектепке қажетті шаруашылық тауарларын ұрлаған ба - Білім басқармасы жауап берді

Qaz365.kz редакциясы

Ол басқа мектепке директор болып тағайындалған

видеодан стоп-кадр

“TANYM” педагогтер кәсіподағы мектепке үйсіздерді тұрғызғаны үшін қызметінен бостатылған директордың қайтадан басқа мектепке директор болып тағайындалғанына алаңдайды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Кәсіподақтың мәліметінше, Б.Г.  Алматы қаласы Білім басқармасының бастығы Л.А.Жылқыбаеваның қамқорлығында бола отырып, заңсыз, конкурстық тағайындаусыз Алматы қаласындағы No 86 гимназияның м.а. директоры болып іске кіріскен. Ол “TANYM” кәсіподағы іске араласқаннан кейін барып, директорлық қызметінен кеткен.

Бірақ іс мұнымен аяқталмаған.

“Бейнежазбадан Б.Г.  қызметінен кеткен күні (06.10.2022) өзінің сүйікті мектебімен ерекше қоштасқысы келгенін байқаймыз.

Бейнебақылау камерасынан директордың бірнеше адаммен бірге түнделетіп мектеп мүлкін алып шығып жатқанын көруге болады. Қайда және не үшін? Ол жағы белгісіз.

Тиісті органдарды Б. Г-ның  қызметіне қатысты жағдайға назар аударып, заңды шаралар қабылдауға шақырамыз”, – деп жазды кәсіподақ әлеуметтік желіде.

Алматы қаласы Білім басқармасы осы жағдайға байланысты пікірін білдірді. Олардың айтуынша, мүлікті жай ғана басқа жаққа апарып қойған.

“№86 мектеп-гимназиясында мектеп мүлкін ұрлауға қатысты мән-жайлар анықталуда. Жарияланған видеодан кейін мектеп әкімшілігі қызметкерлермен әңгімелесті. Күзет компаниясы қызметкерінің айтуынша, № 86 МГ директорының міндетін атқарушы мектеп қызметкерлерімен бірге жуғыш заттар салынған қораптарды кейіннен техникалық персоналға тарату үшін директордың АХХ жөніндегі орынбасарының кабинетіне ауыстырған. Қазіргі уақытта мектепте Алматы қаласының мемлекеттік ішкі аудит департаменті тексеру жүргізуде”, – деп мәлімдеді Білім басқармасынан.

Бұрынғы директор қызметінен кеткен күні ғана көзге түскен жоқ. Кәсіподақтың мәліметінше, мектеп ғимараты ішімдік ішетін үйсіздердің баспанасына айналған. Осылайша Б. балалар өміріне қауіп төндірген.

“Б.-ның  мектепті басқарып тұрған кезінде №86 мектеп-гимназиясының ғимаратында көбіне мас күйінде жүріп, балаларға қауіп төндірген үйсіз-күйсіздер тұратын болған.

Мектептің жаңа директоры Ишамбаева Ш.Т. мектепті нашар күйінде қабылдап алды және оның ішінде тәртіп орнатуға бар күшін салып жатыр.

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы қашанғы осылай еш әрекетсіз отырады деген сұрақ туындайды”, – дейді кәсіподақ.

Алматы қаласы Білім басқармасы бұл мәселеге де қатысты жауап берді. Олардың айтуынша, мектепте тұрған адамдар шығарылып, директор тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

“Аталған факті бойынша комиссия құрамында Әуезов аудандық білім бөлімі, учаскелік полиция инспекторы тексеру жүргізді. Қазіргі уақытта аула сыпырушы қызметтік үй-жайдан шығарылды. 

Мектеп директорының міндетін атқарушыға сөгіс түрінде тәртіптік жаза берілді. Ол сондай-ақ мектеп директорының міндетін атқарушы қызметінен босатылды. Мән-жайларды одан әрі  Әуезов ауданы полиция басқармасының полиция бөлімі анықтайды”, – деп хабарлады Білім басқармасынан.

Осы айтылғандарға қарамастан, Байшимирова басқа мектепке директор болып тағайындалды деп жазады кәсіподақ.

“Үстінен түскен шағымдарға, немқұрайлығына қарамастан, Б. Г. Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Л. А. Жылқыбаеваның 17.03.2023 ж. күнгі бұйрығымен №10 аз қамтылған отбасыларға арналған мектеп-интернатының директоры болып қайта тағайындалды”, – деп жазды “TANYM” кәсіподағы.

Кәсіподақ, біз сияқты, барлығы хабардар болуы және мұндай бұзушылықтарға қарсы тұра алуы үшін бұл ақпаратты бөлісуді сұраған.