Қылмыстық кодекстегі «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы өзгеруі мүмкін

Qaz365.kz редакциясы

Мәдениет және ақпарат министрлігі Қылмыстық кодекстің 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» айыбын ішінара қылмыс деп танымау жайлы мәселені қарастырып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Вице-министр Қанат Ысқақов министрліктің журналистердің құқығын қорғау мақсатында осы мәселені қарастырып жатқанын айтты. Алайда бұл шешімді тек министрлік емес, үкімет пен депутаттар қабылдайтынын жеткізді.

«Рас, премьер-министрдің орынбасары (Аида Балаева) айтқандай, бұл мәселе талқыланып жатыр. Бірақ қазір мынаны ұғуымыз керек, үкімет деген тек Мәдениет және ақпарат министрлігінен тұрмайды. Бұл жерде бірнеше мемлекеттік органдар бар. Сондықтан ҚК 274-бабын либерализациялау бойынша әріптестермен бірге қарастырып, жұмыс тәртібіне сай ақылдасып жатырмыз», – деді Ысқақов. 

Айта кетейік, Qamqor.gov деректеріне сай 2025 жылы қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша 61 іс тіркеуде болған.

Еске сала кетсек, 2024 жылы «Дикая Орда» атты анонимді телеграм-арнаның авторы Данияр Әділбеков осы 274 бап «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша істі болып, 4,5 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ал 2025 жылы желтоқсанда Orda.kz сайтының бас редакторы Гүлнәр Бажкенова осы бап бойынша ұсталып, үйқамаққа қамалды. 2025 жылдың желтоқсанында  КазТАГ ақпараттық агенттігінің бас редакторы Әмір Касенов 274-бап, яғни «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша күдікті деп танылды. Әмір Қасенов қазіргі уақытта үйқамақта. Ал агенттіктің директоры Әсет Матаев 17 наурыз күні кешке «Достық Плаза» сауда-ойын-сауық орталығының маңында болған төбелестен кейін ұсталды. Кейін ол өзіне әлдекімдердің шабуыл жасағанын және зардап шеккенін айтты.

Сонымен қатар, Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебектің үстінен 2021 жылы 274-бабы «жалған ақпарат тарату» бойынша іс қозғалған еді. Алайда бұл іс қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылды. Кейін Темірлан Еңсебек қылмыстық кодекстің 174-бабы «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» бойынша істі болған еді. 2025 жылдың 11 сәуірінде сот үкімімен Темірлан Еңсебек 5 жылға шартты түрде сотталды.