ШҚО әкімі өңір аудандарындағы су тасқынына қарсы жұмыстардың барысын тексерді

Qaz365.kz редакциясы

Өзендердегі жағдайға тұрақты мониторинг жүргізілуде, күн сайын бақылауда

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапары барысында Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарындағы су басу қаупі бар учаскелерді аралады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алтай ауданындағы Зубовск кентінде ұзындығы 2 400 метр, ені 5 метр, биіктігі 3,5 метр болатын Бұқтырма өзеніндегі бөгет тексерілді. Су тасқынына қарсы жүргізілген шаралардың нәтижесінде бөгеттің 200 метрлік бөлігі күшейтілді.

Сонымен қатар ауданда арық жүйелері тазартылып, Железнодорожная көшесі мен Зубовка өзеніне апаратын каналдағы шөптер орылды. Бұдан бөлек, Зубовка өзенінің арнасы тазартылып, Березовка өзенінің арнасы 700 метрге дейін тереңдетілді.

Қазір 600 қап инертті материал дайындалып, қосымша 8 тонна материал қоры жасақталды. Бұқтырма, Березовка, Зеленка және Зубовка өзендеріндегі жағдай тұрақты бақылауда. Үш гидробекеттегі су деңгейі қадағалануда.

Үлкен Нарын ауданында Сурка өзенінің арнасы ағаш-бұталы өсімдіктерден тазартылып, түбі тереңдетіліп, жағалауы бекітілді.

Ал Катонқарағай ауданының Барлық ауылындағы Бұқтырма өзенінде мұз кептелістерінің алдын алу мақсатында жару жұмыстары жүргізілді.

Өзендердегі жағдайға тұрақты мониторинг жүргізілуде, күн сайын бақылауда.

 

«Су тасқынына қарсы іс-шаралар барысында 1800-ден астам жарылғыш зат пайдаланылып, 21 000 шаршы метр аумақта мұзды ұсақтау жұмыстары жүргізілді. Бұл мұз кептелістерінің пайда болуын алдын алуға және елдімекендерде су басу қаупін азайтуға мүмкіндік берді. Су тасқыны жағдайы тұрақты бақылауда. Барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істейді. Біздің міндетіміз – тәуекелдерді барынша азайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді облыс әкімі.

Қазіргі уақытта өңірде су басу қаупін барынша төмендетуге бағытталған алдын алу және профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Халық арасында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, тұрғындарға су тасқыны кезеңіндегі іс-қимыл алгоритмі көрсетілген жадынамалар таратылды.