Неліктен қол жүгі біреу болуы тиіс: бұл ұшу жайлылығы мен құнына қалай әсер етеді

Qaz365.kz редакциясы

2026 жылғы 1 наурыздан бастап FlyArystan әуекомпаниясының стандартты тарифіне салмағы 7 кг-ға дейін бір ғана қол жүгі кіреді

flyarystan

FlyArystan әуе компаниясы неліктен қол жүгі біреу болуы тиіс екенін түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Лоукост моделінде әрбір ереже жолаушылар үшін ұшуды қолжетімді әрі түсінікті етуге бағытталған. Осындай негізгі қағидалардың бірі – бір ғана қол жүгі ережесі.

2026 жылғы 1 наурыздан бастап FlyArystan әуекомпаниясының стандартты тарифіне салмағы 7 кг-ға дейін және өлшемі 56 × 23 × 36 см-ден аспайтын бір ғана қол жүгі кіреді.

Мұнда маңызды ескеретін тұс: жолаушының барлық жеке заттары бір сөмке немесе дорбаға сыюы тиіс.

Бұл қол жүгінің бірлігі (дөңгелектері мен тұтқаларын қоса алғанда) FlyArystan әуекомпаниясының қақпағы жабылатын арнайы өлшегішіне толық сыюы қажет.

Қол жүгі өлшегіші (калибратор) – бұл әуежайдағы металл құрылғы, ол жүктің өлшемдері әуекомпания талаптарына сәйкестігін тексереді. Қол жүгі үшін FlyArystan стандарты тұтқалар мен дөңгелектерді қоса есептегенде 56 × 23 × 36 см-ді құрайды. Қол жүгі ұяшыққа еркін кіріп, өлшегіштің қақпағы жабылуы тиіс.

Лоукост моделі таңдау қағидатына негізделген: жолаушы өзіне қандай қызмет қажет екенін өзі анықтайды. Базалық тариф ең қажетті минимумды қамтиды, басқа қызметтер – жолжүктен бастап басқа қосымша қызметтерге дейін жолаушы қалауы бойынша қосылады. Бұл сұранысқа сай көрсеткіш: FlyArystan жолаушыларының 80%-дан астамы тек қол жүгімен, қосымша жолжүксіз ұшуды таңдайды.

Неліктен бір жолаушыға бір қол жүгі ережесі қолданылады

Алғашында кішкентай қосымша сөмке маңызды емес сияқты көрінуі мүмкін. Алайда рейс толық жүктемемен болған жағдайда, тіпті, шағын заттардың өзі орналастыру уақытын ұзартып, отырғызу процесіне әсер етуі мүмкін. Бірыңғай ережелер бұл процесті жылдам әрі ыңғайлы етеді.

Барлық жолаушылар үшін тең жағдай

Базалық тариф құны барлық жолаушылар үшін бірдей. Егер кей жолаушылар бірнеше зат (дорба, қолдорба, бөлек сөмке) алып кірсе, бұл салонда көбірек орын алып, басқа жолаушылардың қол жүгін орналастыруына кедергі келтіруі мүмкін.

Отырғызу жылдамдығы және рейстердің дәлдігі

Жолаушылар бортқа неғұрлым көп зат алып кірсе, оларды жүк сөрелеріне орналастыруға соғұрлым көп уақыт қажет болады. Бұл отырғызу уақытына, сәйкесінше рейстің уақытында ұшуына тікелей әсер етеді.

Лоукост модельде әуе кемесі мен жолаушыларға қызмет көрсету жылдамдығы аса маңызды: FlyArystan үшін ұшақты жерде қызмет көрсету уақыты орта есеппен небәрі 30-40 минутты құрайды. Мұндай жағдайда қол жүгі ережелерін сақтау отырғызу процесін жылдам әрі ұйымдасқан түрде өткізуге және рейстердің кестеге сәйкес орындалуын қамтамасыз етеді.

Жиі қойылатын сұрақ: гүл, торт, ноутбукті не істеу керек?

Шағын заттардың өзі негізгі қол жүгіне сыймаса, бөлек қол жүгі бірлігі ретінде есептеліп, қосымша қызмет ретінде рәсімделеді.

Ереже ноутбук, гүл шоғы, торт қорабын қоса алғанда –жолаушының барлық жеке заттарына қатысты. Отырғызу жайлы өтуі үшін барлық заттарды өлшемі 56 × 23 × 36 см-ден , салмағы 7 кг-ден аспайтын бір қол жүгінің ішінде орналастыру алдын ала жоспарлаған жөн.

2025 жылғы 1 қазаннан бастап халықаралық рейстердің жолаушылары duty free тауарларын қол жүгінің құрамында тегін алып өте алады. Бұл шешім Алматы қаласының Авиациялық көлік прокуратурасымен ынтымақтастық аясында әуекомпания тарапынан ерікті түрде қабылданды және қадағалау органының ұсынымдарына сәйкес келеді.

Маңызды: өлшемдерді алдын ала тексеру

Сапардың барлық кезеңінен жайлы өту үшін алдын ала дайындалу ұсынылады:

• сөмке немесе шабадан өлшемдерін алдын ала тексеру (56 × 23 × 36 см);

• тек корпусын ғана емес, дөңгелек, тұтқа және қалталарын да қоса қарастыру;

• лоукостермен саяхаттауда жолжүк, сөмке немесе дорба таңдауда осы параметрлерге назар аудару.

Әуежайда тіркеу және отырғызу кезінде қол жүгі арнайы калибратор мен таразы арқылы тексеріледі. Егер өлшемі немесе салмағы нормадан асса, ол қосымша ақылы қызмет ретінде рәсімделуі мүмкін.

Бір сөмке ережесіне қалай ыңғайлы бейімделуге болады

Бұл ережені сақтау жайлылықты шектемейді – керісінше, сапарды жеңіл әрі жылдам етеді.

Жолаушыларға ұсынылады:

• көлемі сәйкес келетін бір сөмке немесе дорба пайдалану;

• заттарды алдын ала бөліп, 7 кг лимитіне сыйғызу;

• кіші сөмкелерді немесе аксессуарларды негізгі қол жүгінің ішіне салу.

Мұндай дайындық әуежайдағы бақылау дан өтуді жылдамдатады.

Лоукостерлердің жаһандық тәжірибесінің бір бөлігі

Бір қол жүгі ережесі – әлемдегі көптеген лоукостерлер үшін стандартты тәжірибе. Ол базалық және қосымша қызметтердің кең таңдауын ұсына отырып, әуекомпанияларға билеттердің қолжетімді бағасын сақтауға мүмкіндік береді.

Лоукост моделі қарапайым қағидаға негізделген: жолаушы тек пайдаланатын қызметтері үшін ғана төлейді және сапар жайлылығын өзі таңдайды.

Сондықтан стандартты ережелерді, соның ішінде бір қол жүгі талабын сақтау – қолжетімді тарифтерді, рейстердің уақыттылығын және барлық жолаушылар үшін жайлы тәжірибені қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.