Астанада автотұрақ бағасы өзгерді: Кімдер көлігін тегін қоя алады

Qaz365.kz редакциясы
gov.kz

Астана қалалық мәслихаты елордадағы ақылы коммуналдық автотұрақтарды пайдаланудың жаңа ережелері мен тарифтерін бекітті. Жаңа құжатқа сәйкес, көлік тұрақтары көшедегі және жабық нысандар болып екіге бөлінеді, ал төлем құны орналасқан аймағына (тарифтік зонаға) байланысты белгіленеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Көшедегі тұрақтар үшін ақы сағаттық негізде алынады. Сұраныс деңгейіне қарай үш аймақ белгіленген: ең жоғары сұранысқа ие бірінші аймақта – сағатына 200 теңге, орташа сұраныстағы екінші аймақта – 150 теңге, ал үшінші аймақта сағатына 100 теңге төленеді. Жүргізушілерге төлемді сол күннің соңына дейін (сағат 23:59-ға дейін) өтеуге мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, тұрғын үй немесе коммерциялық нысан иелері өз ғимаратына іргелес аумақтағы тұрақты бір көлік үшін тегін пайдалана алады.

Жаңа ереже бойынша тұрақты тегін пайдалану құқығына ие жеңілдік санаттары да нақтыланды. Олардың қатарында ҰОС және еңбек ардагерлері, I және II топтағы мүгедектігі бар жандар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері, Семей полигонынан зардап шеккендер, сондай-ақ электромобиль иелері бар. Жабық тұрақтар үшін тарифтер әр нысанға жеке белгіленіп, тәуліктік немесе айлық абонемент сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.

Елорда әкімдігі бұл шаралар жол қозғалысын реттеу және көшелердегі көлік кептелісін азайту мақсатында енгізіліп жатқанын атап өтті. Жаңа тарифтер мен ережелер 2026 жылдың 12 шілдесінен бастап күшіне енеді.