Елде 350 мыңға жуық лудоманияға шалдыққан адам бар: Депутат букмекерлік кеңселерді жабуды ұсынды

Qaz365.kz редакциясы

Құмар ойындар және интернет желісі арқылы ұсынылатын барлық бәс тігулерді шектеуді ұсынды

Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Мәжіліс депутаты Руслан Берденов букмекерлік кеңселер, құмар ойындар және интернет желісі арқылы ұсынылатын барлық бәс тігулерді шектеуді ұсынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

 

Жылдам байытуға азғыру, ең алдымен, аз қамтылған адамдар мен жастарды тартады. Осы проблема қайғылы жағдайға айналып отыр.  Бұл жастардың тағдырын бұзады, салдарынан олардың отбасылары зардап шегеді. Нәтижесі де белгілі. Қылмысқа алып келеді. Мәселен, Бас прокуратураның деректеріне сәйкес, 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелген. Соның 20 пайызы яғни 31 мыңнан астамы құмар ойындарға қатысты, - дейді Руслан Берденов. 
 

Оның айтуынша, 2022 жылғы статистикалық деректерге сәйкес 3 676 суицид фактісі тіркелді, оның әрбір бесіншісін құмар ойындарын ойынайтын адам жасаған деп айтты.

Қазақстандағы барлық букмекерлік кеңселерді ойын аймақтарына көшіру туралы шешім нәтиже берген жоқ, өйткені олар интернет арқылы оңай қолжетімді болып тұр. Көршілес Қырғызстанда букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметіне 2015 жылдан бастап тыйым салынған. Тыйым «халықтың имандылығы мен денсаулығын қорғау» үшін енгізілді.Өзбекстанның қылмыстық кодекстерінде құмар ойындарды және басқа да тәуекелге негізделген ойындарды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салатын баптар бар, - дейді депутат. 

Ол сондай-ақ Оңтүстік Кореяда  жергілікті азаматтарға құмар ойындарға қатысуға тыйым салынған. Елдегі ойын мекемелері кәрістерден басқа барлық адамдар үшін ашық деп айтты.

Қытай Халық Республикасында құмар ойындарға ресми түрде тыйым салынған. Онлайн-казино ойыншылары түрме жазасына кесіледі. Бұдан басқа, қатаң цензура бар және құмар ойындармен байланысты барлық интернет-сайттар бұғатталған.Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес 2022 жылы ойын бизнесін ұйымдастырушылардан салық аударымдары 109 миллиард теңгені құрады.Бұл ретте бір адамға шаққанда лудоманиядан емдеу курсы орта есеппен 400 мың теңге. Елде осындай 350 мыңға жуық адам бар екенін ескерсек, оларды емдеуге жұмсалатын шығындар 140 миллиард теңге, - дейді Руслан Берденов.

Ол Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа мынандай ұсыныс айтты:

1) заңнамалық деңгейде барлық ақпараттық алаңдарда (ТВ, радио, сыртқы жарнама, билбордтар және т.б.) осындай ұйымдарды жарнамалауға толық тыйым салуды белгілеу;
2) интернетте құмар ойындарды бұғаттау үшін интернет-контентті шектеу бойынша ең озық жүйелердің бірі ретінде Қытай Халық Республикасының тәжірибесін зерделеу;
3) Банктік карталар, POS-терминалдар, ұялы байланыс операторлары арқылы ойын шоттарының төлемдерін қабылдауға тыйым салу қажет.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша көрсетілген қызметтердің көлемі мынандай екен:

2020 жылы – 89,7 миллиард теңге;
2021 жылы – 501,2 миллиард теңге;
2022 жылы – 600 миллиард теңгеден астам.