Пациенттің айтуынша, бұрын тексеруден өтпеген
Алматыда хирургтар 62 жастағы пациенттің өт қабынан 1730-дан астам тас алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Пациент Алматы қаласының №7 Қалалық клиникалық ауруханасына шұғыл түрде оң жақ қабырға астының ауырсыну белгілері, жүрек айну, құсу, ауыздың құрғап кету шағымдармен түскен.
Пациенттің айтуынша, бұрын тексеруден өтпеген. №7 ҚКА жағдайында жан-жақты тексерулерден өткізгеннен кейін бірден диагноз қойылған: Өттегі тас ауруы. Жіті калькулозды холецистит.
Келесі күні алдын ала жүргізілген дайындықтан кейін, жалпы анестезиямен, заманауи аз инвазивті технология бойынша – «Лапароскопиялық холецистэктомия» операциясы жасалды.
«Өт қабын алып тастағаннан кейін диаметрі бірнеше мм-ден 1,5 см-ге дейінгі 1735 конкремент алынды», – деп хабарлады №7 ҚКА-ның баспасөз қызметі.
«Бұл операция менің рекордымды жаңартты - бұл жолы 1730-дан астам тас табылды, бұл тек өт қабында. Денсаулықты сақтау және өт-тас ауруларына байланысты асқынулардың алдын алу үшін профилактикалық және скринингтік тексерулерден уақытылы өтуге кеңес беремін. Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз!» - деді операциялық топтың жетекші хирургы, профессор Мұса Меңдібайұлы Сахипов.
Операция сәтті жасалды, операциядан кейінгі 4-ші күні пациент жай-күйі қанағаттанарлық жағдайда үйіне шықты, амбулаториялық бақылауға алынды, делінген хабарламада.