Ноғаев Жаңаөзен мұнайшыларының мәселесінде «уақыт жетпей қалғанын» мәлім етті

Qaz365.kz редакциясы

Тараптар әлі күнге дейін бір мәмілеге келмеген

коллаж Qaz365.kz

Ноғаев Жаңаөзен мұнайшыларымен келісімге келуге "уақыт жетпей қалғанын" айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен ҚазМұнайГаз басшысы Мағзұм Мырзағалиев бүгін үкімет кулуарында «біраз терледі». Терлеткен тақырып – Жаңөазен мұнайшыларының мәселесі. 
Тараптар әлі күнге дейін бір мәмілеге келмеген. Алайда мәселені реттеудің жолы ретінде екеуі де Өзенмұнайгаз компаниясының мердігер компаниялармен келісімшарт мерзімін ұзартуды ұсынады.

«Өзгеріс енгізіліп жатыр»

Маңғыстау облысы әкімінің айтуынша, күзден бастап келісімшарттар мерзімі ұзартылады.

«Ұзақ мерзімді контракттарға шығу мәселесі шешіліп жатыр. Осы күзден бастап ең кемі 3 жылға келісімшарт жасап, ол біткеннен кейін егер мердігер өзіне алған міндеттемелерді толығымен орындайтын болса, он ҚазМұнайГаз компаниясы, Өзенмұнайгаз немес Маңғыстау болсын, барлығы сол ҚМГ компаниясына еншілес мекемелер ары қарай қосымша екі жылға ұзартуға мүмкіншілік алады», - деді Нұрлан Ноғаев.

Облыс әкімінің айтуынша, жұмысшылардың да, мердігерлердің де айтып отырған осы. Жыл да келісімшарт келу –үлкен қолайсыздықтарды туғызады, себебі келесі жылы жұмыс көлемі бола ма, түскен қаражатпен құрылғыларды жаңарту мүмкіншілігі бар ма деген мәселелер толғандырады.

«Соны жою үшін тендерге түседі. Үш жылға алса, мердігер «маған осындай жұмыс көлемі болады, оған осыншама қаражат бөлу мүмкіндігі бар» деп. Еңбек қауіпсіздігі бойынша жаңа құрылғылар мен қондырғылар алу, жалақсы мәселесі – күзден бастап қабылданған шешім. Ол тек осы жағдай болғаннан кейін ҚазМұнайГаз осыған барған жоқ. Оған мен Маңғыстау облысында бір жарым жыл жасап келе жатқаннан бері талқыланып, Самұрық-Қазынаның сатып алу, рәсімдеу процедурасына өзгеріс енгізу мәселесі жүйелі жүргізілді. Бізге шынын айтқанда 3 + 2 принципіне келу үшін уақыт жетпей қалды», - дейді ол.

«Үш жылдық келісімшартқа дайынбыз»

Ал ҚазМұнайГаз басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, Өзенмұнайгаздағы еншілес компаниялармен тендер бойынша келісімшарт бір ғана жылға жасалып келген. Қазір ҚМГ үш жылдық келісімшартқа ауысу жөнінде шешім қабылдаған.


«Бір жылдық, үш жылдық – ол тек ҚМГ-ның ұстанымы емес. Жекеменшік компаниялар біздің де тәуекелдеріміз бар дейді. Келісімшартқа үш жылға қол қойып, үш жылда инфляция болып, жұмысшылардың жалақысы өссе, технология немесе құрал-жабдықтар бағасы өссе, қайтіп үш жыл жұмыс істейміз дейді. Сондықтан ондайға дайындалу мәселесін әр компания өзі шешуі керек. Біз болсақ үш жылдық келісімшартқа дайын екенімізді білдірдік», - дейді ол.


Мырзағалиев жұмысшылардың «талаптары жиі өзгеретінін» айтады. Сөзінше, ұлтттық компаия жекеменшік компаниялармен жұмыс істеуге дайын екенін білдірген.


«Кейін жұмысшы бауырларымыздың талабы ол емес – Өзенмұнайгаздың өзіне жұмыс алсын деп талап қойды. Бұл өте орынсыз әрі орындалмайтын талап. Неге десеңіз, ол компанияда кезекте тұрған 9 мыңнан астам адам бар. Өзенмұнайгазға жұмысқа кірудің өз алгоритмдері бар», - дейді ол.


Еске сала кетейік, осы жылдың 10 сәуірінде Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің жұмыстан қысқарған 80-ге тарта жұмысшысы Астанаға келіп, Энергетика министрлігі ғимаратының алдына наразылық білдірген. Олардың бәрі «Өзенмұнайгаз» компаниясынан жұмыс талап еткен. Екінші күні келген жұмысшылардың саны жүзден асты. Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер мәселеміз шешілмей министрлік алдынан кетпейміз деді. Олар таңды сол жерде атырды.
Кейіннен жұмысшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы ұсынған жұмыс орындарынан бас тартқаны хабарланды. 11 сәуір күні кешке пикет ұйымдастырған Жаңаөзен мұнайшыларын қауіпсіздік қызметкерлері ұстап әкетті. Жерлестерінің ұсталғанын естіген бойда Жаңаөзенде жергілікті кәсіпорындардың қызметкерлері Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті.
Көп ұзамай Жаңаөзен қаласының әкімі жиналғандарға бейнеөтініш жасап, мәселені түсіндіріп, сабырлыққа шақырды. 12 сәуір күні таңертең жаңаөзендік мұнайшылар үйлеріне қайтып бара жатқандарын мәлімдеп, жерлестеріне алғыс айтты.
Бас прокуратураның дерегінше, Астанада Жаңаөзеннен келген 126 адам ұсталған. Олардың бесеуі “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабы бойынша ескерту түрінде жаза тағайындалған. Жұмысшылардың он шақты өкілі Астанада қалып, содан бері тараптар әлі келіссөз жүргізіп жатыр.