“Балағат сөз айтпай-ақ қояйын”: Халық жалақысының қанша пайызын азық-түлікке жұмсайды

Qaz365.kz редакциясы

Тоқаев халықтың тапқан ақшасының жартысынан көбі азық-түлікке кетеді деген болатын

egemen.kz

Кеше еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тапқан ақшасының жартысынан көбі азық-түлікке кетеді деген болатын. Осыдан кейін Qaz365 тілшісі Алматы қаласы тұрғындарының пікірін сұрап білді.

Мысалы, Хадис есімді азамат қазір азық-түлікке айына 100 мыңдай жұмсайтынын айтты. Ол бұрын 60 мың теңгеге алып жүрген.

Ал екі баланың анасы Жәнель тамаққа көп ақша кетеді деп отыр.

“Шағым айтпаймын. Бірақ азық-түлік бағасының арзандағанын қалаймын”, - дейді ол.

Мобилизациядан кейін Ресейден келгендер үшін Қазақстандағы баға арзан болып көрінеді. Өйткені ол жақтағы жалақы мен рубльдің құны бізден жоғары екені белгілі.

“Қазақстанға былтыр қарашада келдім. Мәскеумен салыстырғанда баға арзанырақ”, - дейді Соня.

Никита болса, айына 30 мың рубль жұмсаймын дейді. Бұл біздің ақшамен 168 мың теңге. Никита үшін қымбат та, арзан да емес екен.

Ал Дарья қыркүйек айынан бері Қазақстанда. Ол осы аралықта қымбатшылықты сезініп үлгерген болып шықты.

Сонымен қатар студент жастардың да пікірін білген едік. Олар азық-түлікке көп ақша кетеді деп отыр.

“Балағат сөз айтпай-ақ қояйын. Бірақ шынымен көп ақшамыз тамаққа жұмсалады”, - дейді Назар.

Әлеуметтік желіде парақшамызға пікір жазғандар да өз ойларын бүкпесіз жеткізіп жатыр.

“Тапқан зейнетақымның 90 пайызы жол жүру, дәрі-дәрмек, азық-түлік, комммуналдық қызметтер,т.б. тұрмыстық қажеттіліктерге кетеді. Жаңа киім алмаймыз, шет елге шықпаймыз. 41 жыл мемлекеттік қызметте болсақ та, зейнетақымыз аз”, - дейді Гүлнәр Шаншарова есімді оқырман.

Айлығының басым бөлігін жұмсап жатқандар да көп. Көбі айына жалақының 70-80 пайызын азық-түлікке жұмсаймын деген.

Кеше президент жиында жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кететінін айтқан. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді.

“Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады. Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында”, –  деді Тоқаев.

Ұлттық статистикалық бюроның мәліметінше, бір жылда азық-түліктің бағасы 18,6 пайызға қымбаттаған.  Депутаттар да талай рет Үкіметке сауал жолдаған. Әзірге нәтиже жоқ.