Бұл туралы қаржы министрі мәлімдеді
Осы күнге дейін шетке заңсыз кеткен 670 млрд. теңге қайтарылған. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Transparency Kazakhstan қорының сарапшылары елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару процесінде ашықтық жоқ деп мәлімдеген болатын. Қаржы министрі қордың бұл тұжырымдамасымен келіспейді.
“Ақпаратты бізге Бас прокуратура беріп отырады. Қателеспесем, қазіргі күнге дейін 670 млрд теңге қайтарылған”, – деді министр.
Сондай-ақ "Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы" заң жобасы 31 наурызға дейін парламентке енгізілуге тиіс болған, алайда әлі күнге дейін түспеген.
“Заңға келетін болсақ, заң жобасы әзірленуде. Бизнес өкілдерімен талқыланып жатыр. Негізгі әзірлеуші – Әділет министрлігі”, – деді Жамаубаев.