Депутат автоЦОН қызметкерлерін жүргізуші куәлігін сатады деп айыптады

Qaz365.kz редакциясы

Олжас Құспеков жол-көлік оқиғалары мәселесін көтерді

kolesa.kz

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков жол-көлік оқиғалары мәселесін көтеріп, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Депутат жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза тапқандардың саны жыл сайын көбейіп келе жатқандығы қатты алаңдатып отырғанын айтты.

“Қазақстанда жыл сайын 10-15 мың жол-көлік оқиғалары тіркелсе, салдарынан 2 мыңға жуық адамдар қаза табады, яғни жыл сайын жол үстінде үлкен бір ауыл тұрғындарының жоқ болып кетуімен парапар. 30 жылда жол апатынан қайтқандардың саны Ауған соғысында қаза тапқан КСРО әскер санынан 4 есе асып отыр. Жол апаты салдарынан туындайтын экономикалық шығынның көлемі жылдық жалпы ішкі өнімнің 3% құрайды. Өкініштісі, жол апатынан қаза тапқандардың саны жыл сайын өсуде”, – деді Құспеков.

Сарапшылардың пайымдауынша, жол-көлік оқиғаларының көбеюінің негізгі себебі – емтиханды тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін еш кедергісіз оп-оңай алу мүмкіндігі. Ондай көмекті емтиханды өткізуді ұтып алған мердігер компанияның қызметкерлері де, автоЦОН қызметкерлері де ұсынып жүр.  Жыл сайын жол ережелері емтиханын тапсырушылардың саны орташа есеппен 424 мың адамды құраса, ең төменгі жобамен олардың 10 пайызы – 42 мың адам куәлікті сатып алса,  сатудан түскен қаражаттың көлеңкелі айналымы жыл сайын 8 млрд. теңгеден асады.

“Адам өліміне әкелетін осындай қылмыстардың өршіп тұруына неге жол беріліп отыр? «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы, жүргізуші куәлігін алуға емтихандарды қабылдау жөніндегі қызмет түрін үшінші тұлғаға заңсыз негізде беріп отыр. Бұл қызмет түрін нарыққа беру туралы шарт ешқандай заңда қарастырылмаған. Мердігер компанияға ақпараттық қауіпсіздік пен құрылғыларға қойылатын талаптар ескерілмеген”, – деді депутат.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам өліміне әкеп соғатын жол-көлік оқиғаларын азайтуға, және осыған жол беретін сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған жүйелі шараларды қабылдауды тапсырды.

Жүргізуші куәлігін алу кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілгендіктен, бұл мемлекет қызмет түрін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы құзыреттілігі аясынан алып тастау ұсынылады.

Депутат Ішкі істер, Цифрлық даму, министрліктері, Мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктерінің қатысуымен кеңесші орган құруды;

  • сыбайлас жемқорлық белгілері бар тәуекелдерге түбегейлі талдау жасап, болашақта оларлы болдырмау жайлы механизмді енгізуді;
  • аталмыш мемлекеттік қызмет түрін бәсекелестік жағдайында және ҚР заңдарын сақтай отырып нарыққа беруді ұсынды.