Енді бұлай болмайды: Ермұрат Бәпи премьер-министрге ескерту жасады

Qaz365.kz редакциясы

Ол активтерді қайтару мәселесін көтерді

Коллаж: Qaz365.kz

Еліміздің байлығын игеру ісінде биліктің ескі жүйесі мен ұлттық табысты қайта бөлудің бұрынғы тәжірибесін тоқтататын кез келді деп бастама көтерген «Жаңа Қазақстан» идеясы арасында қарама-қайшылық болып тұр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz

Ол жалпы отырыста премьер-министр Әлихан Смайылов пен бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдады.

 «Олигархиялық кланды биліктен түпкілікті кетіруді, ұрланған байлықты қайтаруды және экономиканы ел мен халықтың әлеуметтік қажеттіліктеріне қызмет етуге жұмылдыруды талап еткен Қаңтар оқиғасы ескі биліктің зардабынан пайда болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғам мен билік арасында жаңа қарым-қатынас орнату әрекеті олардың мүдделеріне сай келмеді», - деді депутат.

Ол сондықтан да активтерді қайтару және оны халыққа табыстау – күн тәртібінде тұрған аса маңызды мәселе екенін, ел-жұрт активтерді қайтару процессінде биліктен жылдам, әрі батыл қадамдар күтуде деп айтты.

«Осы орайда президенттің пәрменімен арнайы комиссияның құрылуы және активтерді қайтару туралы арнайы заң шығатынын айтқан Тоқаев мырзаның уәдесі ел азаматтарына біраз сенім ұялатты. Алайда, сол комиссияның тарапынан ешбір нақты әрекет көрінбейді. Егер бірен-сараң бірдеңе істеліп жатса, бұл бізден, қоғамдағы азаматтардан құпия түрде өтуде. Халық атынан тікелей сайланған депутат ретінде, ең алдымен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ескерту жасағым келеді: сіздер «ескі Қазақстанды» билеген әулет пен оның жақындары бақылаған кеден бекеттерінде арнайы астыртын салық режимін қамтамасыз еттіңіздер! Енді бұлай болмайды. Біз халықтың көмегімен сіздерді жіті бақылайтын боламыз!» –  деді Ермұрат Бәпи.

Ол бұл мәселеде бұл істе президент депутаттарға толықтай арқа сүйей алады деп отыр. 

«Дегенмен, ескі кадрлардың саботажы ма, жоқ әлде ұлттық-экономикалық мүддеге қарсы жасалып отырған қастандық па – капиталды қайтару ісінде түсініксіз кібіртік көп. Мәселен, Латвия құқық қорғау органдары Қазақстанның жекелеген азаматтары салықтан жалтарды және Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтер есебінен Балтық жағалауы аумағында мүлік сатып алуда деген күдік келтіруде.  Бұл арадағы сөз Қайрат Боранбаев тұрғысында болып отыр. Дей тұрғанмен, Боранбаев мырза жуықта жеңіл-желпі баптармен сотталды, бірақ оған қатысты өте ірі істер қалтарыс қалды», - дейді мәжілісмен.

Ол бас прокуратурадан тиісті органдар Боранбаевтың Латвия мен Еуропа елдеріндегі қызметін, оның отбасы мен компанияларына жазылған активтерді неге тексермегенін сұрады. 

«Боранбаевтың келіншегі өз атына жазылған бизнес-ұшақты сатып жібергені сіздерге белгілі ме? Маман-эксперттердің айтуына қарағанда, бұл ұшақтың нарықтағы құны 30 миллион долларға дейін бағаланады. Ол әйел мұндай сомадағы ақшаға қалай ие болуы мүмкін? Біздің елдің тиісті органдары осы сауда-саттықты біле тұра, ұшақтың қандай қаржыға сатып алынғанын анықтағанға дейін, бұл активті «мұздатып» қоюға неге әрекет жасамады? Мен бұл арада бір Боранбаевты мысалға алып, активтерді қайтару мәселесіндегі түсініксіз жағдаяттарды жалпы айтып отырмын», – дейді депутат

Сол сияқты «Jusan bank»-тың иелері Қазақстаннан шығарған ірі көлемдегі қаражат Батыс елдерінің бірінде «мұздатылғаны» бізге тағы да белгілі болды. Осыған байланысты Үкімет не істемек, тиісті тергеу органдарын жұмылдырып, «Jusan bank» олжалаған ақшаның ізіне түсе ме, жоқ әлде тағы да көзжұмбайлыққа салына ма? Бас прокуратура мен, атап айтқанда,  комиссия төрағасының орынбасары Ұлан Байжанов мырза бұл процессті бақылауға ала ма?

«Бұл сұрақтарды нақтылап отырған себебім – ұрылар жымқырған қаржысын басқа жаққа тығып үлгерсін деп, бүгінгі билікте оларға мұрша беріп отырған біреулер бар сияқты көрінеді.    Біз ұрланған активтерді қайтару туралы заңды бірінші кезекте қабылдауды басты мақсат етіп отырмыз. Осы заңның арқасында біз капиталды қайтаруды неғұрлым тиімдірек бақылауға ала аламыз. Әлихан мырза, сіз үкімет басына жаңадан келген басшы емессіз, бұған дейінгі министрлер кабинетін басқардыңыз. Ендеше, президент Тоқаев наурыздың 31-іне дейін дайын болсын деп, Үкіметке тапсырған заң жобасын дайындау ісі созылып кеткенін Сіз қалай түсіндіресіз?» –  деді Бәпи.