Алматылық жігіт жанып жатқан пәтерден зейнеткерді құтқарып қалды

Qaz365.kz редакциясы

Батыр болуды мақсат етпедім, тек мұхтаж жанға көмектескім келді – тұрғын

Алматы қалалық ТЖД

Алматылық жігіт жанып жатқан пәтерден өз өмірін қатерге тігіп, зейнеткерді құтқарып қалды, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі Алматы қалалық ТЖД-ға сілтеме жасап.

Жас жігіттің ерлігі бейнебақылау камераларының біріне түсіп қалған. Бейнебақылаудағы кадрлар әлеуметтік желілерде жарияланып үлгерді. Бейнебақылауда көпқабатты үйдің бірінші қабатының қалай жанып жатқанын көруге болады. 

ТЖД хабарлағандай, оқиға 20 қараша күні таңертең Наурызбай ауданында орналасқан "Шұғыла сити" тұрғын үй кешенінде болған. Сағат 5:20 шамасында өрт сөндіру қызметі шұғыл шақыруға арнайы өртсөндіру құрамымен барып жеткен.

"Келген кезде тоғыз қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтерде үй мен жиһаздар жанып жатты. Подьездің баспалдақпен көтерілу бөлігінде қою түтін басқандықтан, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді. Газ-түтіннен қорғау қызметінің құтқарушылары пәтерлерде қалған тұрғындарды эвакуациялауға және өртті сөндіруге кірісті", –  деді ведомство өкілі.

Қабылданған шаралар нәтижесінде өртсөндірушілер келіп жеткен сәттен кейін 10 минуттан соң оқшауланып, таңғы 5:47-де жойылды. Алайда өрт сөндірушілер келгенге дейін үйде 1950 жылы туған иесі болған. Оны осы ТК-нің 30 жастағы тұрғыны Еркебұлан Жанахметов құтқарды. Ол өз өмірін қатерге тігіп, операциядан кейін өздігінен қозғала алмайтын қарт адамды құтқарып қалған.

"Таңертең ұйықыдан тұрып терезені ашқанда, көрші корпустан өртті көрдім. Одан кейін көршілеріме өрт туралы дереу хабарлау керегін түсіндім. Мұқтаж адамдарға көмектесу үшін үйден шыға сала сол өрт шыққан корпусқа қарай жүгірдім. Алдымен газ құбырының ажыратқыш бөлігін жаптым. Көшедегі жаяу жүргінші ме не көршіміз бе білмеймін, сол жердегі бір жігіт екеуміз  пәтер өртеніп жатқан кіреберістің есігін таспен тіреп аштық. Қою ащы түтіннің арасынан біреудің әлсірей шыққан дауысын естідік. Ол кісіні құтқару үшін сол жерге жиналғандарға  бірге кіруге шақырып, айғайладым. Бірақ ешкімнің батылы бармады.

Кіреберістен өте бергенде қалың түтіннен дем алу мүмкін болмады. Тұншыға жүріп кіруге бірнеше рет әрекет жасадым. Сосын тыныс алу жолдарымды жауып, жанып жатқан пәтердің есігіне жүгіре басып кіріп кеттім. Кіреберіс дәлізде сыртқа шығуға талпынып жатқан, әлсіреген, қартаң тартқан зейнеткерді таптым. Мен ол ер адамды сыртқа алып шығып, қауіпсіз жерге апардым. Батыр болуды мақсат етпедім, тек мұхтаж жанға көмектескім келді", –  дейді зейнеткерді құтқарып қалған Жанахметов.

Қазіргі уақытта 72 жастағы ер адам дәрігерлердің бақылауында. Құтқарылған адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Оқиғадан кейін Алматы ТЖД басшылығы ТЖМ-ге 30 жастағы Батыр Еркебұлан Жанахметовті көрсеткен ерлігі үшін марапаттауға ұсыныс жіберген.