Ол есту қабілетінен айрылып, сөйлей және қозғала алмай қалған
Елорда тұрғыны, запастағы әскери қызметші Рүстем Садықов өткен жылы күтпеген жерден жолай ұшырасқан бейтаныс адамның өмірін құтқарып қалды. Ол инсульт алған зейнеткерге алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырып, ауруханаға бірге барған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Есімде, оқиға былтыр 4 тамыз күні шамамен сағат 17:30-да болды. Күн ыстық. Жұмыстан келе жатқам, бір кезде алыстан егде жастағы кісінің теңселіп келе жатқанын байқадым. Сосын ол тоқтады, дереу жанына барып «бәрі дұрыс па?» деп сұрадым. Үлкен кісі көмектесуімді, үйіне дейін жеткізіп салуымды өтінді. Өзін жайсыз сезініп, басы айналып, көзі қарауытыпты. Алдымен зардап шегуші менің қолтықтауыммен жүрді, сәлден соң жағдайы нашарлап мүлдем аяғын баса алмай қалды. Мен оны үйіне дейін көтеріп апарып, кереуетке жатқыздым, су бердім», - дейді Рүстем Садықов.
Оның айтуынша, ер адамның жағдайы одан әрі қиындай түскен. Тіпті бір сәтке есінен айырылып қалған. Рүстем дереу “жедел жәрдем” шақырып, ол келем дегенше алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
“Жедел жәрдем” жеткенше зейнеткер есін тағы жоғалтпауы үшін онымен үнемі сөйлесіп отырған. Науқас қария өзін Владимир Александрович деп таныстырған.
«Жедел жәрдем дәрігерлері науқастың қан қысымын өлшеп, инсульт алған деген болжам жасады. Сосын мен Владимир Александрович пен дәрігерлерге көмектесіп ауруханаға бірге бардым. Жол-жөнекей жақындарына хабарладық. Ауруханада реанимация бөліміне жатқызды. Әйелі және жақындары қала сыртында болғандықтан, ауруханаға ертеңіне келді. Олар маған рахметін айтып, телефон нөмірімді жазып алды. Содан кейін ғана үйге кеттім», - дейді бейбіт күннің батыры.
Рүстем үйге келген соң науқастың жағдайын уайымдап, не болғанын білу үшін ауруханаға тағы келген.
Мәлімдеуінше, әлі күнге дейін арасында Владимир Александровичтің әйелімен сөйлесіп, оның жағдайын сұрап тұрады.
Кейін белгілі болғандай, астаналық азамат Рүстем Садықов Қорғаныс министрлігі бас қолбасшылығының запастағы генералын құтқарған екен.
«Владимир Александрович ауруханада 2 ай жатты. Ол есту қабілетінен айрылып, сөйлей және қозғала алмай қалған. Былтыр алған инсульттан тек биыл наурызда, бірнеше оңалту процедурасынан кейін ғана өзіне келді. Қазір сөйлей алады, дегенмен әлі түсініксіздеу. Таяуда ғана науқастың әйелі хабарласып, «Рүстем Маратұлы, егер сіз болмасаңыз, генералдан айрылып қалар едік» деп тағы алғысын айтты», - дейді ол.
Рүстем Садықов - запастағы офицер. Ұзақ жылдар Өскеменде құқық қорғау органдарында жұмыс істеген.
2020 жылы отбасылық жағдайына байланысты елордаға көшіп келген. Қазіргі уақытта қауіпсіздік саласында жұмыс істейді.
Сондай-ақ, құтқарушы өзін батыр санамайтынын айтты.
«Офицерлер қорғау керек, бізді солай үйреткен», - деп қорытындылады ол.