Басқарма төрағасының айтуынша, сол себепті жұмысшылар тұрақтамайды
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Сәбит Ахметов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында қызметкерлері қанша жалақы алатынын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша қызметкерлер қорын ұстауға шамамен 9 миллиард теңгеден астам қаражат кетті. Бұл аумақтық бөлімшелерді қоса алғанда шамамен 1000 адамға есептегенде жұмсалған ақша. Барлық облыста филиалдарымыз бар, онда 700-ге жуық адам жұмыс істейді. Орташа жалақы шамамен алғанда 450 мың теңгені құрайды. Бірақ бірден айтайын, бұл аз сома», - дейді Сәбит Ахметов.
Оның айтуынша, қаржының 80 пайызы еңбекақыны, 20 пайызы өзге шығындарды өтеуге жұмсалған.
«Бізде жыл сайын кадрлардың тұрақтамауы шамамен 22 пайызды құрайды. Жыл сайын әрбір бесінші қызметкеріміз жұмыстан шығады. Жүктеме мен жұмыс көп болғандықтан, олар тұрақтамайды және жұмыстан кетеді. Егер бізде жақсы жалақы болса, онда адамдар кетпес еді деп ойлаймын», - дейді басқарма төрағасы.