Оның жеке басы анықталды
Павлодарда балаларды сырттай бақылаған ер адам қолға түсті, оның әрекеті қала тұрғындарының ашуын туғызды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде тараған фотодан ер адамның "біртүрлі киінгенін" әрі мектептің сыртқы қоршауынан ішке телміріп қарап тұрғанын көруге болады.
"Бүгін сағат 16:35-те бейтаныс ер адам Павлодар қаласы №43 мектептің қоршауынан балаларды бақылап тұрды. Полицияға 5 рет қоңырау шалып, хабарласа алмадық. Барлық оператор бос болмады. Ата-аналар сақ болыңыздар", - делінген жазбада.
Осы жайтқа қатысты қалалық полиция бөлімі түсінік берді.
"Сағат 17:45 шамасында Павлодар қаласының ПІБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері № 43 ЖОББМ жанында 1970 жылы туған ер адамды ұстады. Ол облыс орталығында тұрады. Оның жеке басы анықталды. Ер адам полицияның учаскелік пунктіне жеткізілді", - делінген жазбада.
Полицейлер жасы 50-ден асқан адамның әңгіме барысында өзін дұрыс ұстамағанын айтты. Осыдан кейін олар №7 бригаданы шақырып, ер адамды ауруханаға жатқызған.