Органдағылар Қаңтар оқиғасынан соң көзі көрмей қалған азаматтан кешірім сұрады

Qaz365.kz редакциясы

Алматы прокуратурасы былтыр күзде қозғалған қылмыстық істі тоқтатты

ашық дереккөзден

Құқық қорғау органдары Қаңтар оқиғасынан соң көзі көрмей қалған Ермек Әбдірешовтен кешірім сұрады. Бұл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Бүгін #Qantar2022-де екі көзінен айырылған Ермек Әбдірешовтен қылмыстық қудалау органы кешірім сұрады. Қазақстан билігі атыс қаруын қолданып, азаматқа қандай қайғы әкелгенін көрдіңіздер ме? Бейбіт адамдарға қалай оқ атуға болады? Мықты, жас жігіт мүгедек болып қалды. Ол осыған лайық па?» - дейді Бақытжан Төреғожина.

Құқық қорғаушы заң көмегін көрсеткені үшін Маржан Аспандияроваға алғыс айтты.

 «Есіл аудандық соты Ермектің Қаржы министрлігінен барлық азаптары үшін келтірген моральдық шығынын лайықты төлеп береді деп үміттенемін», - деді ол. 


Айта кетейік, 37 жастағы Ермек Әбдірешов Қаңтар оқиғасынан кейін соқыр боп қалған болатын. Бір көзі митингтің қызып тұрған шағында көрмей қалды, ер адамның бетіне резеңке оқ тиеді. Екіншісі – тергеу изоляторындағы азаптаудан кейін көрмей қалған. Алматы прокуратурасы былтыр күзде қозғалған қылмыстық істі тоқтатты.