Депутат Арқалықта сәби өлімі 40 пайызға көбейгенін айтып, дабыл қақты

Qaz365.kz редакциясы

Оның айтуынша, медициналық орталықтардың жабдықталуы нашар

azh.kz

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Бейсенғалиев медициналық жабдықтардың қамтамасыз етудің төмендігінен Қостанай облысы, Арқалық қаласында сәби өлімі 40%-ға өскенін айтты, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

«Еліміздегі балалар медициналық орталықтарының жабдықталуы 86% болғанымен, Шымкент қаласы мен Қостанай облысында көрсеткіш төмен. .Мысалы, Шымкентте 79 пайыз, Қостанай облысында 75 пайыз. Бұл ретте Қостанай облысындағы Арқалық қаласында 2022 жылы сәби өлімінің өсу көрсеткіші 40 пайызға ұлғайған. Жалпы республика бойынша сәби өлімі 1000 балаға 8,8-ді құрайды. Бұл өзге елдермен салыстырғанда өте жоғары. Мұның негізгі себептері министрліктің мекемелерінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейінің төмендігі және білімді медициналық кадрлардың жетіспеушілігі әсер етіп отыр», – деді Берік Бейсенғалиев.

Бұл сауалға Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният сәби өлімін азайтуға бағытталған қандай  жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

«Жалпы елде нәресте өлімі 9 пайызға азайды, үш айда 12 пайызға төмендеген. Бірақ Солтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, Қостанай облысында көрсеткіш артқан. Бұл аймақтарға талдамалы мамандар келіп, консультациялық көмек берді. Бұған көп жағдайда әйелдің жатырындағы инфекциялық аурулар әсер етіп, нәресте шала тууы әсер етеді», –  деді Ажар Ғиният. 

Ол көбі әйелдердің денсаулығына байланысты екенін айтты. Сондықтан осы көрсеткішті жақсарту үшін барлық өңірлерде әйелдердің денсаулығына байланысты профилактикалық жұмыстар, жүктілікті ертерек есепке алу, бұрын 12 апта болса, қазір 10 аптадан әйелдің денсаулығын бақылау жұмыстары жүріп жатыр.

«Екінші, бүкіл перинаталдық орталықтар мен босандыру ұйымдарын құрал-жабдықпен қамтамасыз ету 85 пайыздан 90-ға жеткіземіз деп бюджетті қарастырып, 3 жылға 40 миллиардтан астам қаражат қаралды. Соның ішінде Арқалық қаласындағы ауруханада биыл республикалық бюджет есебінен күрделі жөндеу жүргізіліп, құрал-жабдықтар алынады», –  деді министр.