"Алау-2023": Тілсіз жауды тізгіндейтіндердің бір күні қалай өтеді?

Qaz365.kz редакциясы

Жаттығудың арнайы жоспарына сәйкес, өрт «Көк Жайлау» шатқалының оңтүстік-батыс беткейінде шықты

Тілсіз жаумен алысып, оған тосқауыл қоюға барын салатын өрт сөндірушілерді бүгінгінің хас батыры десек, артық айтқандығымыз емес. 
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін күрделі мамандық иелері бола тұра, өрт сөндірушілердің өз істерін абыроймен атқарып, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою, өртті сөндіру, құтқару жұмыстарын жүргізу, оның ішінде комммуналдық авариялар, су тасқыны, жол-көлік оқиғасы салдарынан болатын апатты жағдайларда аса жауапты да маңызды істің басы-қасында жүріп, тыңғылықты еңбек етеді.
Таяуда ғана осындай қаһармандық жолдағы ерен еңбектің куәсі болу үшін дала өрттерін жоюға қатысатын күштер мен құрылымдардың дайындығын тексеру мақсатында «Алау-2023» өрт-тактикалық оқу-жаттығуына байланысты ұйымдастырылған шараға қатысып, ерекше әсер алып қайттық. 
Жаттығудың арнайы жоспарына сәйкес, өрт «Көк Жайлау» шатқалының оңтүстік-батыс беткейінде шықты. «Қазақ ормандарды авиациялық қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету базасының» РМҚК бақылаушы ұшқышы өртті анықтағаннан кейін  дереу радиодиспетчерлік қызметке хабарлады. Өрт шыққаны туралы хабарламаны алғаннан кейін, Төтенше жағдайлар департаментінің диспетчерлік қызметінің іс-қимыл алгоритміне сәйкес, орман шаруашылығы өкілдеріне көмек көрсету мақсатында шақырту орнына барлық қажетті қалалық қызметтер мен авиация жіберілді.

Желдің екпіні салдарынан өрт аумағы ұлғайып, демалушы туристерге, сондай-ақ өрттің Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің орман алқабына таралуына байланысты демалушы туристердің өміріне қауіп төнді.
Орман шаруашылығы өкілдеріне көмекке өрт-құтқару бөлімшелері, сондай-ақ ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ (МИ-8) су ағызатын құрылғылармен жабдықталған тікұшақтары келіп, өрт ошағына су ағызу жұмыстары жүргізілді.

Желдің екпіні салдарынан өрт аумағы ұлғайып, демалушы туристерге, сондай-ақ өрттің Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің орман алқабына таралуына байланысты демалушы туристердің өміріне қауіп төнді.
Орман шаруашылығы өкілдеріне көмекке өрт-құтқару бөлімшелері, сондай-ақ ҚР ТЖМ «Қазавиа құтқару» АҚ (МИ-8) су ағызатын құрылғылармен жабдықталған тікұшақтары келіп, өрт ошағына су ағызу жұмыстары жүргізілді.
Жиын барысында сөз алған Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары Самат Асайынов:

«Алау-2023» оқу-жаттығуының мақсаты – аумақты өрт шалған кезде қаланың азаматтық қорғау қызметкерлерінің дер кезінде көрсетуі керек жұмыстарын пысықтау, таулы-орман алқаптарындағы өртті жою, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету, төтенше жағдай аймағынан зардап шеккендерді эвакуациялау», – дейді.

Республикалық Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директорының орынбасары Дархан Арыстанбекұлы:

«Өздеріңіз білетіндей, «Көк жайлау» шатқалы 2022 жылдың ақпан айында Үкімет қаулысымен Іле-Алатау мемлекеттік табиғи паркіне қайта қайтарылды. Бұл жерде сенбі, жексенбі күндері демалуға келетін туристер мен Алматы тұрғындарының саны 5000-6000-нан асып жығылады. Сондықтан да Төтенше жағдайлар департаментімен келісіп, оқу-жаттығуын өткізуге де дәл осы жерді таңдауымыз бекер емес. Біз әрдайым қала қонақтарынан тауға келген кезде жүріп-тұру ережелерін қатаң сақтап, кез келген жерде от жақпауларларын сұраймыз. Себебі биыл жыл басынан бері Медеу аумағында үш әкімшілік хаттама толтырылды. Тауға келген демалушылар арнайы рұқсат етілмеген жерде от жаққан жағдайда, Қазақстан Республикасының №367 әкімшілік-құқықбұзушылық кодексі бойынша 100 АЕК-тен жоғары айыппұл салынады. Қазіргі таңда Іле-Алатауының өрт қауіпсіздігі бойынша 4-классқа көтерілді. Жалпы, парк тарапынан 60 адам өрт қауіпсіздік жұмыстарын тоқтатуға арнайы дайындықтардан өтіп, арнайы техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді», – деп атап өтті. 

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрт кезінде патруль жұмысы бірінші емес, екінші класта ғана, онда да түстен кейін сағат екі мен үштің аралығын қамтитынын, ал үшінші кластың жұмысы шамамен сағат 12:00-ден басталатынын айтады. 
Оқу-жаттығу жұмысын өз көзімізбен көріп, расында да  патрульдеу жұмысы төртінші және бесінші класта максималды түрде жүргізілгеніне куә болдық.
Айта кетейік, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарына күн сайын Қазгидромет температуа мен жауын-шашын мөлшеріне байланысты ақпарат жіберіп отырады. Осы арқылы олар өрт қауіптілігін оңай анықтайды.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Дәулет Әнуарбекұлы:

«Мұндай оқу-жаттығу жұмыстарын жыл сайын өткіземіз. Бұл оқу-жаттығу жұмыстарының нәтижесінде Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен қала тұрғындарының арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қаламыздағы өрттің алдын алуға, экологиямызды сақтауға, сақтық шараларын қатаң сақтауға, өзара бірлесіп, бірге жұмыс істеуге мүмкіндіктер артады», – деді.  

Өрт қауіптілігінің төртінші класы кезінде әуе мен жерде максималды патрульдеу жұмысы жүргізілетіндіктен, бұл уақытта туристер табиғат аясына жіберілмейді. Қала бойынша департаменттің Борандайдан Байсеркеге, Қаскелеңнен Ақсай, Медеу, Түрген, Кеген, Көлсай, Шарынға ұшып, арнайы маршруттың жүру бағыты белгіленеді. Аталмыш аймақтарға демалуға көптеп келетін қала қонақтары мен туристер үшін өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 
Ең қауіпті мамандықта жұмыс істегеніне қарамастан, өз өмірінен бұрын өзгенің жанын аман алып қалуға барын салатын өрт сөндіру мамандарының жұмыстары расымен ерлікке баларлық іс. Себебі аталмыш оқу-жаттығу жұмысын өз көзімізбен көргенде, төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлеріне деген құрметіміз арта түсті. Себебі мұндай кезде қайғылы жағдайлар көптеп кездеседі. Соған қарамастан басын қауіп пен қатерге тігетін жандар қашан да құрметке лайық. 

Бұл туралы ТЖД бастығының орынбасары Самат Асайынов былай дейді:

«Өрт қауіпсіздігінің ережелерін сақтамау – күрделі өрттердің пайда болуымен қатар, кейде тіпті адамдардың өліміне дейін әкеп соғып жатады. Мәселен, 2000 жылғы 8 мамырда тау баурайындағы өртті сөндіру кезіндегі Төтенше жағдайлар департаментінің аудандық құтқару жұмыстарын сөндіру қызметіндегі №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау сержанты Құрманбеков Аслан Жеңісбекұлы оқиға орнында қаза тапты. Ерлікпен қаза тапқан ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Айдын» орденімен марапатталды. Осындай қайғылы жағдай орын алмас үшін де, оқу-жаттығу жұмыстарын жыл сайын өткізіп отырамыз. «Көк жайлау» шатқалы – алматылықтар ең көп келетін демалыс аймағы, сол себепті де бұл жерде ережелерді демалушылар қатаң сақтауға тиіс», – дейді ол.

Оқу-жаттығуға барлығы 147 адамды қатысты. 28 бірлік мамандандырылған техника, 2 квадрокоптер және 2 әуе кемесі, 6 жылқы, 2 іздестіру иттері жұмылдырылып, осылайша бірлескен оқу-жаттығулардың басталуына дейін қойылған мақсаттар мен міндеттер  толығымен орындалды.

Еске сала кетейік, биыл жылдың 1 мамыр айынан бастап, ТЖД – ЖПҚ, МҰТП-мен бірлесіп, 39 рейд жүргізді, 3 өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғандар жалпы сомасы 103 мың 500 теңгені құрайтын айыппұл төледі. 


Оқу-жаттығу жұмыстары басталғаннан бастап, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қала тұрғындары мен қонақтарына таулы-орманды алқаптарға барғанда өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтауды, соның ішінде тамақ жасау үшін арнайы ас пісіру құрылғыларын қолдануды, темекі шекпеуді, тұтанған сіріңке және темекі қалдықтарын тастамауды, майланған, бензинге немесе басқа жанғыш заттарға малынған тазалағыш материалдарды орманда қалдырмауды, күн сәулесімен тез тұтанатын бөтелкелерді, шыны сынықтарын, басқа тұрмыстық қалдықтарды қалдырмауды және шөптің үстіне от жақпауды айтып, жіті назарда болуы керек қатаң талаптарды көпшіліктің есіне салды.

Атап өту қажет, аудан әкімдіктерімен бірлесіп атқарған істің нәтижесінде құрғақ өсімдіктердің жануының алдын алу шаралары бойынша 100,4 шақырым минералданған алқаптар құрылып, жалпы ауданы 250 гектарды құрайтын құрғақ өсімдіктерді шабу жұмысы жүргізілді.

Өрт тұтанып, жалыны шарпыған сәтте кез келген адам ол жерден қашуға, жанын аман алып қалуға тырысып, қара басының ғана қамын күйттеп жатады. Ал бұл ретте өрт сөндіру мамандары керісінше қызыл отқа қарай жүгіріп, оны ауыздықтауға жанын салады. Осындай ауыртпалығы мол жұмыста қызмет етіп жүрген Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары шаршау дегенді білмейтінін оқу-жаттығу дайындығы кезінде көзіміз көріп қайтты. 

Өрт болған жағдайда бірінші кезекте орман иесіне өрт болған жерді, кварталды, ауданы мен желдің бағытын жедел жеткізіп, қызу жұмысқа кірісетін олар, өзгелерге пайдалы болуды ғана көздеп, халықтың игілігі үшін жұмыс істеуді мақсат етіп қойған.
Лапылдап жанған қызыл өртпен бетпе-бет келіп, оны тоқтатуға тырысып жүргенде, өрт сөндірушілердің тілсіз жаудың арасында қалуы әбден мүмкін не тіпті жалынға оранған заттың үстіне құлап кетіп, иіс тиіп, ес жоғалтуы да ғажап емес. Әсіресе жаздың аптап ыстығында өрт жағдайлары жиілеп, бұл сала мамандарының сағат тіліне қарамай жұмыс істейтінін ескерсек, бүгінгі күннің хас батырлары деп қол соғып, бас игеннен басқа ештеңе айта алмаймыз.

Себебі шілденің шіліңгір ыстығы мен күздің қара суығында, қыстың қақаған аязында отқа да, суға да түсіп, жанын пида етуге дайын жүретін бұл сала мамандарын адамдардың арашасы деп дәрігерлермен де тең көре аламыз.

Өрт сөндіру ісі – нағыз ер азаматтарға арналған мамандық. Өйткені олардың бойындағы жүректілік пен батылдық осындай ауыр салада қызмет етуге әкелді. Әр минутта өзіне қауіп төніп тұрғанына қарамастан, тәуекелге баратын, өрт қауіпсіздік ережелері мен өрт сөндірудің техникасын, отпен күресудің амалын білетін Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қандай мақтауға да лайық.
Тілсіз жаумен алысып, талайдың жанын аман алып қалу үшін өз ісіне берілген азаматтар адал еңбегінің арқасында абырой биігінен көріне берсін деп, алдағы жұмыстарына сәттілік тілегіміз келеді.
 

Жұлдыз Әбіл, Qaz365.kz