Өрт болып жатқан Бородулиха ауданына жаңа әкім тағайындалды

Qaz365.kz редакциясы

Ол еңбек жолын 2000 жылы Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің тілшісі ретінде бастаған

ашық дереккөзден

Абай облысы Бородулиха ауданының әкімі болып Айдар Ибраев тағайындалды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Ол еңбек жолын 2000 жылы Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің тілшісі ретінде бастаған.

Одан кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінен бастап, әкімдіктің ішінде түрлі қызметтерді атқарды.

Сосын 2012-2013 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы әкімінің орынбасары, 2013 жылдың наурызынан 2013 жылдың қазанына дейін Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік филармониясының директоры қызметтерін атқарған.

2013 жылдың қазан айынан «Жарма ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің персоналды басқару бөлімінің бас маманы болды.
2013-2015 жылдары Жарма ауданы әкімінің аппарат басшысы, 2015 жылдан 2022 жылға дейін Жарма ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.
2022 жылдан осы уақытқа дейін Абай облысы мәдениет басқармасының басшысы болып еңбек етті.

«Аудан аумағында болып жатқан өртпен күресте жан тапсырған 14 орманшының отбасына, туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Өртті сөндіруге қатысып жүрген сарбаздар, орманшылар мен әскери қызметкерлерге, еріктілерге, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына, әрбір аудан тұрғынына ерлігі, қолдауы мен көмегі үшін шын жүректен алғыс білдіремін.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, елдің бірлігі мен берекесі, әл ауқатының артуы жолында аянбай еңбек етемін»,
- дейді жаңа әкім.