«Zam-Zam Qazaqstan» компаниясының басшысы Тоқаевтың талабына қатысты пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы

Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісі барысында құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс екенін айтқан болатын

Акорда

Сауд Арабиясында қиындыққа тап болған қажылардың мәселесі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да жеткен еді. Мемлекет басшысы алаяқ компания өз жазасын алуы тиіс деген еді. Осыған қатысты  «Zam-Zam Qazaqstan»  компаниясының директоры Данияр Илиев пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Біз өз дәлелдерімізді көрсетеміз. Тергеу жүріп жатыр, өзімізді ақтауға тырысамыз. Мен еш уайымдамаймын. Бәрі Алла тағаланың қолында. Әрбір қиыншылықтың артында бір жеңілдік бар. Президент мырзаның айтқаны дұрыс. Алаяқтар жазасын алуы тиіс. Бірақ бұл мәселе анықталуы керек. Журналистер тарапынан да хабарласып жатыр. Олар объективті болу үшін сіздің де пікірді білейік деп сұрады. Тергеушілер тапсырыс ретінде емес, президенттің пәрменді тапсырмасы негізінде істің мән-жайын анықтауда. Ешқандай әзірге бассыздық жоқ. Барлық дәлелді көрсеттім. Оларда жағдайды түсінеді», - дейді Данияр Илиев «Майдан жаңалықтары» хабарына берген сұхбатында.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісі барысында құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс екенін айтқан болатын.

«Жақында бір туристік компания заңға бағынатын бір топ азаматты алдап, оларды қажылыққа жіберген. Енді, кінәсіз адамдар Сауд Арабиясының полиция учаскесінде қамауда отыруға мәжбүр. Осындай алаяқ компанияның заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына, олардың моральдық жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл жерде, әрине, адамдардың құқықтық сауатсыздығы да бар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бұған дейін «ZamZam Qazaqstan» қажылық компаниясы арқылы үлкен қажылыққа аттанған Қазақстанның 380 азаматына берілген виза құжаты жалған болып шықты. Жалған құжатпен барған азаматтар қамауға алынған еді. Қазіргі кезде қажылардың мәселесіне қатысты тергеу басталып та кетті. 
ҚМБД биыл тек «Zam-Zam Qazaqstan» ғана емес, «Zulay Trevel», «Sultan Trevel», «Zamzam Company» сынды туристік фирмалар да заңсыз жолмен Сауд Арабиясына адамдарды алып келгенін мәлім етті.