Өскеменде құрбысын дәретханада тепкілеп, шешінуге мәжбүрлеген қыздар сотталды

Qaz365.kz редакциясы

Жәбірленуші тарапқа 9 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өтелген

Ашық дереккөздерден

Екі қыз алдағы үш жылын темірторда өткізсе, тағы біреуі бір жылға сотталды. Кәмелетке толмаған қыздарға «алдын ала сөз байласып, бұзақылық жасау», «күш қолданып, ақша бопсалау» баптарымен айып тағылған деп хабарлады Qaz365.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап. 

«Сот істің мән-жайын және күдікті тараптың жеке басын, жәбірленушілердің пікірін, құқыққа қайшы әрекеттердің сипатын ескере отырып, А. және Т. есімді күдіктілерге ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша бір жыл бас бостандығын шектеу, ҚР ҚК 194-бабы 2-бөлігінің 1, 2-тармақтары бойынша үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады. Түпкілікті жаза ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес үш жылға бас бостандығынан айыру. О. есімді күдіктіні бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды», – деп хабарлады ШҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

Судья жәбірленуші тарапқа 9 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өтелгенін мәлімдеді. Тергеудің мәліметінше, наурызда екі жасөспірім қыз құрбысын Өскемендегі «АДК-Ривер» сауда үйінің дәретханасында оңдырмай сабап, шешінуге дейін мәжбүрлеген.

Тағы бір оқушы бұл сорақылықты телефонына түсіріп тұрған. Екінші күні олар таяқ жеген қызды тағы тепкілеп, видеоны интернетке саламыз деп бопсалаған. Ал жәбір көрген студент ауруханадан бір-ақ шықты. Көп ұзамай қыздардың төбелесі әлеуметтік желіде тарап, қоғам нарызылығын туғызды.

Содан кейін ғана іске полиция араласты. Сотталушылардың бірінің анасы білім беру саласында басшылық қызметте істеген. Қызының әрекетінен кейін ол өз еркімен қызметінен кетті.